Павлодарлық дәрігер көру қабілетін сақтаудың маңызды жолдарын атады
Офтальмологтар көз ауруларының алдын алуға және көру қабілетін дер кезінде тексеруге шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Г. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасының офтальмологиялық орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Қасымхан Тлеубаевтың айтуынша, көз ауруларының «жасаруына» бір ғана факторды себеп етуге болмайды. Адам денсаулығына әсер ететін бірнеше жағдай түрлі аурулардың ерте пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
– Көз ауруларының «жасаруына» бірнеше фактор әсер етеді деп есептеймін. Бұл – экология, техногендік жағдайлар, иммунитеттің төмендеуі және тұрақты күйзеліс. Осы факторлардың барлығы жиынтық түрде адам денсаулығына әсер етеді, – дейді маман.
Офтальмолог бұл үрдістің тек көз ауруларына ғана қатысты емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда инсульт пен инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын жастардың саны да бұрынғыға қарағанда көбейіп келеді.
Көздегі өзгерістерді жай ғана көру қабілетінің нашарлауы деп қабылдауға болмайды. Кей жағдайда мұндай белгілер ағзада болып жатқан күрделі үдерістерді көрсетуі мүмкін.
– Көзді бекерден-бекер «ағзаның айнасы» деп атамайды. Көру қабілетіндегі өзгерістер арқылы көптеген ауыр ауруларды дер кезінде анықтауға болады. Мысалы, көз алдында кенеттен қара дақтар немесе «шыбындар» пайда болуы, көрудің қысқа уақытқа немесе ұзақ мерзімге жоғалуы кей жағдайда инсульттің алғашқы белгілерінің бірі болуы мүмкін, – дейді Қасымхан Тлеубаев.
Мұндай жағдайда пациент алдымен офтальмологқа қаралуы мүмкін. Алайда дәрігердің тексеруінен кейін қосымша зерттеулер қажет болуы ықтимал. Компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография және неврологтың кеңесі арқылы ми қан айналымының жедел бұзылысын анықтауға болады.
Павлодардағы офтальмологиялық орталықта шұғыл жағдайларға арналған медициналық көмек тәулік бойы көрсетіледі. Мұнда аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін шұғыл офтальмологиялық көмек кабинеті бар.
Кабинетте кезекші дәрігер мен орта медицина қызметкері тұрақты түрде жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда операциялық бөлме де пайдалануға дайын. Орталықта қажетті диагностикалық жабдықтар бар.
Дәрігердің айтуынша, шұғыл офтальмологиялық жағдайларда медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі шешуші рөл атқарады.
– Бұл жерде «алтын сағат» ұғымы маңызды. Пациент дәрігерге неғұрлым ерте жүгінсе, көру қабілетін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан көрудің кенеттен төмендеуі немесе жоғалуы, көздегі қатты ауырсыну, көру аймағында күтпеген өзгерістер сияқты белгілер байқалса, уақыт жоғалтпай мамандандырылған медициналық көмекке жүгінген жөн, – дейді Қасымхан Тлеубаев.
Офтальмологтар назар аударатын тағы бір мәселе – қант диабетімен байланысты көз аурулары. Көрудің күрт төмендеуі немесе көз ішіндегі қан құйылулар бұрыннан бар қант диабетінің асқынуы болуы мүмкін. Кей жағдайда мұндай өзгерістер адамның бойындағы аурудың алғашқы белгісі ретінде анықталады.
Сондықтан көру қабілетіндегі өзгерістерді тек көзге қатысты мәселе деп қарауға болмайды. Офтальмологиялық тексеру барысында дәрігер науқастың жалпы денсаулығына қатысты маңызды белгілерді де анықтауы мүмкін.
Маман мұндай жағдайда медициналық көмекті барынша ерте алудың маңызын атап өтті.
Көз жарақаттары да шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлардың бірі.
– Көзге бөгде зат түсуі, металл үгінділерінің кіруі, күйік алу немесе кез келген басқа да микрожарақат кезінде адам медициналық мекемеге дереу жүгінуі қажет. Әсіресе өндірістік және тұрмыстық жағдайда алынған жарақаттарды елемеуге болмайды. Егер медициналық мекемеге келуге мүмкіндік болса, міндетті түрде тексерілген дұрыс, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, көздегі кез келген жайсыздыққа да мән берген жөн. Ауырсыну, қызару, көрудің нашарлауы, бөгде зат сезімі немесе басқа да өзгерістер байқалса, офтальмологқа қаралған дұрыс.
Ал ешқандай шағымы жоқ адамдарға да жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өту ұсынылады. Бұл әсіресе көру қабілетіне байланысты қауіп факторлары бар адамдар үшін маңызды.
Созылмалы көз аурулары бар пациенттерге тексеру жиілігі жеке белгіленеді. Мысалы, глаукома диагнозымен диспансерлік есепте тұрған адам көз ішілік қысымын, көру алаңын және басқа да көрсеткіштерді тұрақты бақылауы қажет.