Павлодарлық дәрігерлер жүкті әйелдің омыртқа жарығын ойдағыдай алып тастады
Жедел жәрдем бригадасы жүктіліктің 36 аптасында сол аяғы мен белі қатты ауырған әйелді облыстық орталықтың №1 қалалық ауруханасына жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл – 36 жастағы тұрғынның екінші баласы. Әйелдің айтуынша, жарық бұрын болған, бірақ мазаламаған.
– Жүктіліктің жеті айына дейін бәрі жақсы болды, – деп еске алады науқас. – Сәби үлкен болды, ұзақ уақыт бойы ауырсыну мазалаған.
Әйел адамның өз бетінше жүруі қиындаған және өзіне қызмет ете алмаған.
– Ол отыра да, жата да алмады, – дейді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рашид Дүйсембаев. – Науқас тексеріліп, МРТ жасалды.
Акушер-гинекологтардың, нейрохирургтардың және невропатологтардың көпсалалы консилиумы ауырсынуды азайту үшін бел омыртқасының диск жарықшасын жоспарлы түрде хирургиялық жолмен алып тастауды ұсынды.
Бала әлі дүниеге келуге дайын болмағандықтан, дәрігерлер жүктілікті сақтап, жарықты алып тастау туралы шешім қабылдады.
Перзентхана меңгерушісі Ирина Красильникованың айтуынша, науқас операциядан кейінгі екінші күні баяу тұра бастаған және ауырсыну болмаған. Ол 10 күндік оңалту курсынан кейін нейрохирургия бөлімінен шығарылды.
Ал жақында салмағы 3,5 келі болатын қыз туды. Босану кезінде арқасына қауіп төнуі мүмкін деген қорқыныш болған, бірақ бәрі ойдағыдай өтті.
Айта кетейік, жарықты алып тастау міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізілді.