Павлодарлық дәрігерлерге ЖИ онкологиялық ауруларды анықтауға көмектеседі

Павлодарлық дәрігерлерге ЖИ онкологиялық ауруларды анықтауға көмектеседі
Фото: Константин Шелков

Жоба дәрігерлерге радиологиялық зерттеулердің нәтижелеріне жылдам қол жеткізуге және оларды қашықтан кеңес алу үшін әріптестерімен бөлісуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жүйе Павлодар облысындағы 22 медициналық ұйымда енгізіледі.

Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесінде радиологиялық зерттеулерді талдау үшін жасанды интеллект қолданылатын PACS жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте баяндалды.

Технология медициналық ұйымдардағы диагностикалық жабдықтарды бірыңғай цифрлық желіге біріктіреді. Осының арқасында дәрігерлер науқастардың медициналық суреттеріне жедел қол жеткізіп, оларды қашықтан кеңес алу үшін облыстық деңгейдегі мамандарға жібере алады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері электрондық медициналық карталарда сақталады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, жұмыстарды аяқтап, жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беру жыл соңына дейін жоспарланған.

– Үш кезеңнің жұмыстары аяқталды. Олар – жабдықтарды монтаждау, инфрақұрылым құру және қызметкерлерді оқыту. Қазіргі уақытта жүйе іске қосылды. Қазан айының соңына дейін құжаттарды рәсімдеу және актілерге қол қою жұмыстары аяқталады, – деді Ермек Кучуков.

Басқарма басшысының сөзінше, жасанды интеллект онкологиялық ауруларды зерттеу мен диагностикалау кезінде дәрігерлерге көмектеседі. Егер жүйе зерттеу нәтижелерінде дәлсіздіктерді анықтаса немесе қосымша тексеру қажет болса, жұмысқа аудандық немесе қалалық деңгейдегі дәрігерлер, сондай-ақ облыстық диагностикалық орталықтың мамандары қосылады.

Облыс әкімі Асайын Байханов жобаның тиімділігі мен нақты пайдасын талдауды тапсырды. Ең алдымен, технологияның диагностика дәлдігін арттыруға, дәрігерлік қателіктер қаупін азайтуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға қаншалықты ықпал ететінін бағалау қажет.

Бұдан бөлек, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған тоғыз орталықта Protector AI және VisionGuardAI жүйелері қолданылады. Олар ықтимал қауіпті жағдайларды анықтап, тәуекелдерге дер кезінде әрекет етуге көмектеседі.

Еске салайық, Павлодар облысында 2030 жылға дейінгі Smart Region цифрлық даму стратегиясы әзірленіп жатыр. Ол өңір өмірінің түрлі салаларына цифрлық шешімдерді енгізуді көздейді.