Павлодарлық еңбекқор жастар өздері туралы бейне түсіріп, байқауда бақ сынай алады

2025 жыл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл шешім жұмысшы кәсіптерінің ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік прогресіндегі маңызды рөлін айқындайтын стратегиялық қадам болып табылады.
Осыған орай «100 Еңбек жұлдызы» облыстық жұмысшы мамандықтар фестивалі жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, талантты жастарды анықтау мен қолдау, сондай-ақ түрлі салалардағы жас мамандардың жетістіктерін насихаттау мақсатында өткізіледі.
«New Vision Team» қоғамдық қорының мәліметінше, фестивальдің негізгі мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының оң бейнесін қалыптастыру. Оған Павлодар облысының қала және аудан жастары арасынан 35 жасқа дейінгі жұмысшы мамандықтарының өкілдері қатыса алады. Фестиваль екі кезеңнен тұрады: I кезең – бейнероликтер байқау, II кезең – конкурс комиссиясының отырысы, жеңімпаздарды анықтау және марапаттау рәсімі.
Қатысудың міндетті шарты – таңдалған жұмысшы мамандығының ерекшелігін ашатын, оның маңыздылығын көрсететін, қатысушының еңбек қызметіндегі жарқын сәттерін бейнелейтін бейнероликті Instagram желісінде @nvt_kz аккаунтын белгілей отырып және #100ЕңбекЖұлдызы2025 хэштегімен жариялау.
Сондай-ақ, қатысушының өтінімін толтырып, оны WhatsApp арқылы +7 747 702 58 40 нөміріне жіберу қажет.
Конкурстық бейнематериалдарды қабылдау 15 қыркүйекке дейін жалғасады.Фестиваль жеңімпаздары туралы ақпарат @nvt_kz Instagram парақшасында жарияланады.