Павлодарлық еріктілер студенттердің шаштарын тегін қиды
100-ге жуық студент шаш қию және оны сәндеу мен бояу сияқты қызметтерді тегін алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.тілшісі.
Павлодар қызмет көрсету колледжі соңғы 5 жыл ішінде шаштараз қызметтерін тегін ұсыну бойынша «Ашық жүрек» еріктілер жұмысын жүргізіп келеді.
– Осы бағытта біз қаланың көптеген білім беру ұйымдарымен жұмыс істейміз, – дейді коллежд басшысы Азамат Кашитов. – Мектептер мен колледждерге, қарттар мен балалар үйлеріне және басқа да әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде барып, шаштараз қызметін ұсынамыз. Бүгін электроника және коммуникация жоғары колледжіне бардық.
«Ашық жүрек» еріктілер қозғалысы аясында колледжде шаш қиюдан бастап шашты сәндеуге және бояуға дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынады. Бүгін 2-курстың 18 студенті электроника және коммуникация жоғары колледжінің 100-ге жуық білім алушысы мен қызметкерлеріне өз қызметтерін көрсетті.
– Жасыратыны жоқ, барлық адамдар сұлулық салонында шаш қиюға мүмкіндігі жоқ. Біреу үшін бұл қымбат. Ал біздің колледж студенттері тегін қызмет көрсетеді. Алғашында қызмет алғысы келетіндер тегін болғандықтан қорқатын. Ал қазір қатысушылардың саны көп, – дейді Азамат Кашитов.
«Шаштараз-стилист» мамандығынының екінші курс студенті Ратмир Пономарчук мұндай тәжірибелік жұмыс осы салада өз дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін айтады.
– Біз волонтерлік қызмет аясында ерлер мен әйелдердің шашын қиямыз. Бұл – осы салада өз дағдыларымызды дамытуға мүмкіндік береді. Менің шығармашылық мамандығым маған ұнайды. Оған қоса, менің анам мен тәтем осы салада жұмыс істейді, – деді жас шаштараз.
Колледж басшысы «Ашық жүрек» еріктілер қозғалысын одан әрі жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.