Павлодарлық «Ертіс» хоккейшісі матчтан кейін сүйіктісіне ұсыныс жасады
Спортшы «Ақтөбемен» өткен кездесуден кейін жанкүйерлерді қуанышты жаңалығымен таңғалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» хоккей клубының баспасөз қызметінің мәліметінше, павлодарлық команданың шабуылшысы Михаил Гулый өз алаңындағы ойыннан кейін сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады.
Қуанышты оқиға Қазақстан чемпионаты аясында «Ақтөбемен» өткен кездесулерден кейін болды. Павлодарлықтар алғашқы матчта 2:5 есебімен жеңілсе, екінші ойында қарсыласына 4:7 есебімен есе жіберді.

Ойыннан кейін «Ертістің» бас бапкері Владимир Оленченко қос кездесуге баға берді. Оның айтуынша, команда шабуылда белсенділік танытқанымен, қорғаныста жіберілген қателіктер жеңіске жетуге кедергі келтірген.
– Жақсы ойындар болды. Жігіттердің қозғалысы мен күресінен дайындықтары байқалды. Екі кездесуде де көптеген гол соғатын мүмкіндіктер жасадық, әдемі шайбалар салдық. Алайда қорғаныстағы қарапайым қателіктер мен бір сәттік зейіннің жоғалуы қымбатқа түсті. Бұл жастар лигасы емес, мұнда мұндай қателіктер үшін қарсылас бірден жазалайды, – деді Владимир Оленченко.

Бас бапкер ойыншылардың жанкештілігіне көңілі толатынын айтып, қарсылас команданы жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс білдірді. Енді «Ертіс» үзілістен кейін чемпионаттың келесі кезеңіне дайындалады.
Команданың шабуылшысы Дмитрий Пидяшов та матчтардан алған әсерімен бөлісті. Ол павлодарлықтардың әдеттегіден көбірек шайба соққанын, бірақ өз қақпасына да көп гол жібергенін атап өтті.

– Екі ойыннан кейін екіұдай сезім қалды. Командамыз үшін біршама көп гол соқтық, бірақ көп шайба өткізіп алдық. Дегенмен бүгінгі ең маңызды оқиға – командаласымыз Михаил Гулыйдың сүйіктісіне ұсыныс жасауы. Осы қуаныш ойын нәтижесіне қатысты жағымсыз әсердің бәрін ұмыттырды. Екеуіне бақыт, денсаулық және махаббат тілеймін, – деді Дмитрий Пидяшов.

Осылайша, «Ақтөбемен» өткен қос кездесу павлодарлық команда үшін жеңіліспен аяқталғанымен, Михаил Гулыйдың өміріндегі ерекше сәтпен есте қалды.