Павлодарлық фермерлер өндірісті кеңейтті
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданындағы көктемгі дала жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданында агроөнеркәсіп саласын дамыту қарқынды жалғасуда. Өңірдегі ірі жобалардың бірі — 2020 жылы кәсіпкер Зейнолла Сәлменбаев негізін қалаған «Andas Agro» серіктестігі. Қазіргі таңда шаруашылықтың жалпы жер көлемі жеті мың гектардан асады, оның 750 гектары – жайылымдық жерлер.
Кәсіпорында егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Картоп алқабы шамамен 1500 гектарды, сүрлемдік жүгері — 400 гектарды, сәбіз 140 гектарды құрайды. 2026 жылы шаруашылық қосымша 400 гектар суармалы жерді іске қосса, 2027 жылы тағы 513 гектарды айналымға енгізуді жоспарлап отыр.
Зейнолла Сәлменбаевтың айтуынша, құны шамамен жеті миллиард теңге болатын заманауи тауарлы сүт фермасының жүктемесі әзірге 50 пайыз шамасында. Қазіргі уақытта фермада 650-ге жуық сауын сиыр бар. Бір сиырдан тәулігіне орта есеппен 32 литр сүт сауылады. Шаруашылықта Германиядан келген сүт шаруашылығы мамандары жұмыс істейді.
Фермада ветеринарлық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Бас ветеринар дәрігер Геннадий Фотесов мал басына аусыл, вирустық диарея, күйдіргі және клостридиоз ауруларына қарсы екпе жүргізілетінін айтты. Шаруашылық аумағында қатаң санитарлық бақылау енгізілген: барлық жем-шөп пен техника арнайы тосқауыл арқылы өткізіледі, ал ферма толық қоршалған.
Сонымен қатар кәсіпорын өңір климатына бейімделген жаңа мал азықтық дақылдарды іздестіруде. Атап айтқанда, Еуропада кең таралған аязға төзімді шөп сорттарын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жалпы Павлодар ауданында 2026 жылы 42,8 миллиардов теңге инвестиция тарту және 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ірі жобалардың қатарында күнбағыс өңдейтін май экстракциялау зауыттары, элеваторлар мен құрама жем зауытының құрылысы бар. Бұдан бөлек, ауданда туризм мен жол бойындағы сервисті дамыту бағытында қонақүйлер, кафелер және көпфункционалды кешендер салу жоспарланып отыр.