Павлодарлық фермерлерге халықаралық сертификат беру мәселесі талқыланды
Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өткен кеңесте регенеративті егіншілікті енгізу жайында сөз қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Мұндай технология тиімді су тұтынуды қамтамасыз етуге және топырақтың құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, фермерлер мен жалпы аймақтық агроөнеркәсіптік кешен алдында тұрған мәселелер, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық талқыланды.
Жиынның негізгі мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің жаңа технологияларын енгізу.
Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы Ерлан Тоқтышақовтың айтуынша, инвестициялық жобалар басты назарға алынған.
Павлодар облысында жер және су ресурстары жеткілікті. Сол себепті, регенеративті егіншілік технологиясын белсенді енгізу қажет.
– Бұл тұрақты өнімділік пен ылғалды үнемдеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көміртекті азайту үшін Еуропалық комиссиядан халықаралық сертификаттар алуға мүмкіндік береді, – деді Ерлан Тоқтышақов. – Биыл технологияны шағын аудандарға енгізе бастаймыз. Барлығы ойдағыдай болса, онда тәжірибені бүкіл аймаққа кеңейтуге болады.
Айта кетейік, Еуропалық сертификат ішкі және халықаралық нарықта сатылуы мүмкін.
Аталмыш сертификат атмосфераның сапасын жақсартуға, топырақтың құнарлылығын жақсартуға және қосымша пайда алуға мүмкіндік береді.
Филиал басшысының айтуынша, Павлодар-Ертіс өңірінің жер асты суларында айтарлықтай қор жасырылған. Ғалымдардың айтуынша, миллион гектарға дейін суаруға болады. Қауымдастық ұңғымаларды бұрғылау шығындарын азайтудың әлемдік тәжірибесін зерттеді.
Сонымен қатар, кеңесте жер асты суларын тұтынуды азайту, фермерлерді шоғырландырудың маңыздылығы, ауылдарда тұрғын үй салу және білікті кадрлардың тапшылығы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» бұл бағытта Торайғыров университетімен тығыз байланыста болып, жұмыс істеді.