Павлодарлық генерал-майор отансүйгіштіктің үлгісіне айналды

Павлодарлық генерал-майор отансүйгіштіктің үлгісіне айналды
Фото: Константин Шелков

Өңір жұрты өз ісіне адалдық танытып, елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған генерал-майор Үкімет Смағұловтың туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Шараға ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагерлері, қызметкерлері, қоғам өкілдері, туыстары мен жастар қатысты. Конференцияның басты мақсаты – ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен тұлғаның өмір жолын дәріптеп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Үкімет Смағұлов 1926 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келіп, ерте еңбекке араласты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында еңбек жолын бастап, кейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарды. Мәскеудегі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін тәмамдап, түрлі басшылық қызметтерде еңбек етті. 1972–1988 жылдары Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасын басқарып, өңірдегі стратегиялық маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосты.

1980 жылы оған генерал-майор әскери атағы берілді. Ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін бірнеше орден және медальмен марапатталды. Бүгінде Павлодар қаласындағы өзі тұрған үйге және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына ескерткіш тақта орнатылып, қаланың бір көшесіне есімі берілген.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Әлихан Мұқашев генерал Үкімет Смағұловтың есімі өңір тарихында ерекше құрметпен аталатынын айтты.

– Біз оны ел мүддесін бәрінен биік қойған, офицерлік ар-намысты өмірлік қағидасына айналдырған тұлға ретінде танимыз. Оның кәсіби жолы, басқарушылық тәжірибесі мен адами қасиеттері бүгінгі қызметкерлер үшін де үлгі. Саналы ғұмырын мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және қызметтік борышын адал орындауға арнады, – деді Әлихан Мұқашев.

Үкімет Смағұловтың Павлодар облысындағы қызметі өңірдің қарқынды индустриялық даму кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол жылдары отын-энергетикалық, мұнай-химия, металлургия саласындағы стратегиялық маңызы бар өндіріс орындары мен энергетикалық нысандар іске қосылып, аймақтың өндірістік әлеуеті еселеп артты. Осындай жауапты кезеңде қауіпсіздік органдарына ерекше міндет жүктелді. Үкімет Смағұлов басшылық еткен ұжым стратегиялық кәсіпорындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік және экономикалық мүдделерді қорғауға, диверсиялық қатерлердің алдын алуға және өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосты.

ҰҚО ардагерлері республикалық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Райымбек Ахметов Үкімет Смағұловтың кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттері әріптестерінің зор құрметіне ие болғанын атап өтті.

– Тарихта адамның атқарған қызметі ғана емес, сол қызметте қалыптастырған ұстанымы мен қалдырған өнегесі қалады. Үкімет Смағұлов әрдайым әділдігімен, қарапайымдылығымен және көрегендігімен ерекшеленді. Сондықтан, оны әріптестері басшы ғана емес, тәлімгер ретінде де бағалады, – деді ардагер.

Генералдың қарындасы Рахима Смағұлқызы ағасының балалық шағы ауыр сынақтармен өткенін еске алды.

– Ағамыз бала кезінен жоқшылық пен ашаршылықтың зардабын көріп өсті. Соған қарамастан ешқашан мойыған жоқ. Білім алып, елге қызмет етуді басты парызы санады. Отбасында да, қызметте де адалдықты, әділдікті, қарапайымдылықты жоғары қоятын. Бізге әрдайым Отанды сүюдің, халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетті. Оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болып қала береді, – деді ол.

Конференция барысында қатысушылар генерал Үкімет Смағұловтың өмір жолы елге адал қызмет етудің, заң мен тәртіпке берік болудың және мемлекеттік мүддені қорғаудың жарқын үлгісі екенін атап өтті. Бұл қағидаттар бүгінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасымен сабақтасып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға қызмет етеді.