Павлодарлық Imanbek әлемдік K-pop сахнасын бағындырды

Павлодарлық Imanbek әлемдік K-pop сахнасын бағындырды
Фото: @imanbekmusic инстаграм парақшасынан

Бейнебаян YouTube желісінде 2,7 миллионнан астам қаралым жинады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір тумасы, әлемге әйгілі продюсер әрі Grammy жүлдегері Imanbek Оңтүстік Кореяда танымал K-pop тобы Close Your Eyes-пен бірлескен жаңа «SOB» әнін ұсынды. Бұл туынды топтың үшінші мини-альбомы blackout құрамында жарық көрді.

Жаңа ән Imanbek-тің фирмалық EDM-дроуптары мен терең электронды дыбысын K-pop стилімен үйлестіріп, ерекше музыкалық экспериментке айналды. Шаһарда дүниеге келген музыканттың халықаралық аренадағы беделі бұл релиз арқылы тағы бір мәрте расталды.

Трекпен қатар YouTube арнасында «SOB (with Imanbek)» ресми бейнебаяны жарияланды. Жарияланғаннан кейін небәрі бірнеше күн ішінде клипі YouTube желісінде 2,7 миллионнан астам қаралым жинап, тыңдармандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бейнебаян неон жарықтары, кинематографиялық көріністер және динамикалық хореографиясымен көрермендерді бірден баурап алды.

– SOB – бұл адамның ішкі күресін, жалғыздықпен бетпе-бет келуін және бостандыққа ұмтылысын бейнелейтін музыкалық-көркем дүние , – деді бейнебаян режиссерлері.

Бұл коллаборация – Imanbek үшін халықаралық масштабтағы кезекті маңызды қадам. Аймақта туған дарынды музыкант Қазақстанды әлемдік сахнада тағы бір рет паш етті.
Трек бүгінде Spotify, Apple Music, YouTube Music, Яндекс Музыка және басқа да платформаларда қолжетімді.