Павлодарлық инспектор әлемдік рингті бағындырды
Мәскеуде өткен қоян-қолтық ұрыста жерлесімізге қарсы тұрар қарсылас болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар полициясының қызметкері қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогының чемпионы атанды. Мәскеуде өткен қоян-қолтық ұрыстан бесінші мерейтойлық «Достық кубогы» турнирі аяқталды. Байрақты бәсекеге 16 елден 250 мықты спортшы қатысты.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Павлодар қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Мадина Жұмабаева болды.
Аса жоғары бәсекелестік жағдайында Мадина мінсіз техникасы мен жеңіске деген мықты жігерін көрсетті. «Өзін-өзі қорғау» бөлімінде алтын медальға барар жолда ол үш ауыр жекпе-жек өткізіп, Моңғолия мен Болгария спортшыларын сенімді түрде жеңді. Турнир финалы қазақстандық спортшылар арасында өтті. Шешуші кездесуде павлодарлық инспектор Қарағандыдан келген мықты қарсыласын тізе бүктіріп, бірінші орынды иеленді.
— Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Мен оған барынша тыңғылықты дайындалдым. Жеңімпаз деп жариялаған сәттегі эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазақстанымыз бен полициямыздың абыройын әлемдік аренада лайықты қорғай алғаныма қатты қуандым, — дейді чемпион.
Мадина спортпен 16 жастан бастап айналысады. Ол бокстан спорт шеберлігіне кандидат және қоян-қолтық ұрыстан түрлі турнирлерде тұрақты түрде жүлде алып келеді. Спортшы өзінің қалыптасуында жаттықтырушысы Сергей Вальтердің рөлі ерекше екенін атап өтті. Ол спортшы үшін тек техника үйреткен бапкер ғана емес, мінез бен рух күшін шыңдаған тәлімгерге айналған. Сондай-ақ чемпион дайындық барысында кәсіби қолдау көрсеткен спарринг-серіктесі Владимир Демьяновқа шынайы алғысын білдірді.
Павлодар облысының полиция департаментінде атап өткендей, бұл алтын медаль — Мадинаның жеке жетістігі ғана емес, сондай-ақ павлодарлық тәртіп сақшыларына тән мінсіз тәртіптің, табандылықтың және жоғары физикалық даярлықтың айқын дәлелі екені сөзсіз.