Павлодарлық кәсіпкер Президент бастамасын қолдады
Мемлекет басшысының құрылтайдағы сөзі қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Бұл көтерілген мәселелердің маңыздылығын айқын көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезіне қатысқан облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлзира Қызылова Ұлттық құрылтайда айтылған Мемлекет басшысының негізгі тезистеріне қайта тоқталды.
– Әрине, мен барлық бастамалар мен ұсыныстарға кәсіби баға беретін саясаттанушы емеспін. Алайда ел азаматы, қоғамның белсенді мүшесі әрі кәсіпкер ретінде Қазақстанда болып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді жіті қадағалап отырамын. Мемлекет басшысының сөзінде Павлодар облысына ерекше назар аударғанын көрдік. Бұл, менің ойымша, өңірлік басшылықтың жүйелі жұмысының нәтижесі. Аймаққа инвестициялар мен дамуға жаңа серпін ауадай қажет, әсіресе Екібастұз қаласы үшін, – деп атап өтті спикер.
Энергетикалық және отын қауіпсіздігі, сондай-ақ су ресурстарын басқару мәселелері Павлодар облысына тікелей қатысты. Осы тұрғыда Гүлзира Қызылованы көмір өнеркәсібін дамытуға ұлттық жоба мәртебесінің берілуі ерекше қуантады. Бұл – жалпы ел экономикасының және Павлодар өңірінің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызы бар шешім.
Мемлекет басшысы энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңгерімдеуші қуаттарды жедел іске қосудың қажеттігін де атап өтті. Бұл ең алдымен газ генерациясына қатысты. Оның айтуынша, табиғи газдың әлеуетін жаңа кен орындарын іздеу және игеру арқылы күшейту қажет, өйткені қазіргі өндіріс көлемі экономиканың өсіп келе жатқан сұранысынан қалып отыр.
– Аталған мәселелердің шешілуі Павлодар облысына да оң әсерін тигізеді. Осы орайда облыс әкімі Асайын Байхановтың өңірді газдандыру жөніндегі көптен бергі арманы еске түседі. Жақын болашақта бұл жобаның нақты нәтижелерін көретінімізге үміт зор, – дейді спикер.
Кәсіпкер ретінде Гүлзира Қызылованы Мемлекет басшысының қабылданған салық кодексіне қатысты азаматтар мен кәсіпкерлерден түсіп жатқан пікірлер жайлы айтқан сөздері де бейжай қалдырмады. Қоғамда жаңа құжаттың жекелеген нормаларына қатысты сын пікірлермен қатар, оны жетілдіруге бағытталған орынды әрі конструктивті ұсыныстар да бар. Ең бастысы – Мемлекет басшысының айтуынша, бизнес пен азаматтардың пікірін ескере отырып, өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Президенттің құндылықтарға қатысты ойы да ерекше әсер қалдырды:
«Патриотизм – бұл, әрине, Отанға деген сүйіспеншілік. Алайда азаматтық жауапкершілік пен елге пайда келтіруге деген ұмтылыссыз мұндай сезімнің мәні аз. Қазақстанның патриоты болу – үлкен азаматтық жауапкершілік».
Бұл пікірмен келіспеу қиын. Шынайы патриотизм отбасыдан, мектептен, тәрбиеден басталып, адамның өмір бойғы жолында, оның қоғамдағы орны мен мамандығына қарамастан, бірге жүреді.
– Біз білімді, еңбекқор болып, заман талабына сай өмір сүріп, үнемі дамуға ұмтылып, тек өз отбасымызға ғана емес, бүкіл қоғамға пайда әкелуіміз керек. Адал еңбек, экономиканың дамуына қосқан үлес, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыру – бәрі де қарапайым, бірақ маңызды қағидаттар, – деп атап өтті Гүлзира Қызылова. – Алайда, өкінішке қарай, қоғамда әлі де ашықтықтың жетіспеуі, заң бұзушылықтар мен популизм көріністері кездеседі. Сондықтан бәріміз бірігіп, заманауи жаһандық сын-қатерлерге дайын, кемел қоғам құруымыз қажет.
Сондай-ақ сөз барысында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылы мәселесі де қозғалды. Саудадағы теңсіз жағдайлар кәсіпкерлерді көптен бері алаңдатып келеді және бұл проблемалар «Атамекен» ҰКП алаңында бірнеше рет көтерілген. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының саудадағы кедергілерді оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы қысымды жою бағытындағы жұмысты жалғастыру туралы мәлімдемесі өте маңызды. Бұл – бизнес үшін мемлекет тарапынан қолдау бар екенін және кәсіпкерлердің үнін естуге дайын екендігін білдіретін маңызды көрсеткіш.