Павлодарлық курьер қыз нәзік жандылар туралы таптаурынды бұзуға қадам жасады

@Pavlodarnews.kz тілшісі тапсырыс жеткізуші болып қызмет атқарған бойжеткенмен сұхбаттасып, мамандықтың қиыншылықтарын сұрастырды.
Бүгінде курьер мамандығы қалалық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Дәмхана, дүкен, дәріхана тапсырыстарын жеткізетін жандарсыз күнделікті тұрмысымызды елестету қиын. Әдетте бұл саланы ер адамдар таңдағанымен, кейде нәзік жандардың да табандылығымен ерекшеленіп, курьер болып жүргенін көреміз. Солардың бірі – Павлодар қаласының студент қызы Айсәуле Сабыр. Ол үш жылға жуық уақыт бойы курьерлікпен айналысып жүр.
– Бұл жұмысты таңдаған себебім – бос уақытымды тиімді өткізіп, энергиямды пайдалы іске жұмсағым келді. Студент үшін қосымша табыс табу – үлкен көмек, – дейді ол.
Айсәуле Сабырдың айтуынша, курьердің күні өте тығыз өтеді. Таңертең оқуына барып келгеннен кейін ол бірден жұмысқа шығады. Кешкі 22:00-ге дейін тапсырыстарды жеткізіп үлгеруге тырысады. Орташа алғанда күніне алты мың теңгеге дейін табыс табады.
– Тапсырыс көп түсетін кез – түскі уақыт, сағат 12:30 бен 14:30 аралығы, сосын кешкі уақыт – 17:00 мен 19:30 аралығы, – дейді Айсәуле Сабыр.
Айсауле Сабырдың сөзінше, қыз бала болған соң ең үлкен қиындық – ауыр жүк көтеру. Оның үстіне жаяу курьер болғандықтан, кей клиенттер күмәнмен қарайды: «тамақ суып қалады» немесе «зат кешігіп келеді» деп наразылық білдіретіндер де бар. Дегенмен, ол тапсырыстарды барынша мұқият жеткізуге тырысады.
– Курьерлік қызметтің өз «қолайлы картасы» бар. Павлодардың Назарбаев көшесі мен Усолка ықшам ауданы – оған ең ыңғайлы аймақтар. Ол жерде жаяу да, велосипедпен де тез жүруге болады. Үйлер арасымен өтіп, уақыт үнемдеуге қолайлы, – дейді ол.
Айсәуле Сабырдың есінде ерекше сақталған бір оқиға болды. Қыстың қақаған аязында қолына қолғап кисе де, саусақтары қатып, телефонның пернесін баса алмағанын айтты. Сол кезде қатты қиналып, бір орында тұрып қалыпты. Ол сол кезде өмірдің ащысы да, тәттісі де қатар жүретінін түсінді.
– Курьер тек тамақ қана емес, басқа да заттарды жеткізеді. Ең есте қалған тапсырысым шоколадтар мен гүлдер болды. Олар қыздарға арналған сыйлық еді. Сол сәтте өзімді ерекше бір істің куәгеріндей сезіндім, – дейді ол.
Курьер болып жұмыс жасағанда Айсәуле Сабыр шыдамдылық пен сабырлылықты үйренгенін айтады. Адамдармен дұрыс сөйлесуді, әр түрлі мінезді қабылдай білуді меңгердім. Ең бастысы – ақша оңайлықпен келмейтінін түсінгенін еске алады.
– Ол курьерлікті ұзақ уақытқа жалғастыруды ойламайды. Себебі бұл жұмыс әйел адамға ауыр. Менің өз мамандығым бар. Қазір студентпін, болашақта мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді, – дейді ол.
Курьерлік – тек тапсырыс жеткізу емес, ол үлкен шыдамдылық пен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Қиындығына қарамастан, біздің кейіпкеріміз бұл жұмыстан үлкен өмірлік сабақ алған. Оның айтуынша, әрбір табыс артында еңбек пен төзім жатыр.