Павлодарлық оқушы қоқысты сұрыптайтын робот жасады

Павлодарлық оқушы қоқысты сұрыптайтын робот жасады
Фото: ЖИ

Ол жасанды интеллектке негізделген экологиялық жобаны ұсынып, қалдықтарды автоматты сұрыптауға арналған прототип әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы дарынды балаларға арналған №8 лицейдің оқушысы Әділ Агинтаев экология мәселесіне технологиялық шешім ұсынды. Лицей мұғалімі Анна Сүлейманованың жетекшілігімен ол жасанды интеллект технологияларын қолданатын «Чистоход» зияткерлік роботын әзірледі.

– Жоба қалдықтарды жинау және сұрыптау тиімділігін арттыруға бағытталған. Роботтың негізінде қоқыс түрін автоматты түрде танитын және оның қозғалысын бақылайтын жасанды интеллект жүйесі жатыр. Арнайы алгоритмдер деректерді талдап, тазалау мен сұрыптау маршруттарын оңтайландырады. Бұл адам еңбегін азайтып, процестің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Әзірлеушілердің айтуынша, жобаның басты ерекшелігі – интеллектуалды басқару жүйесі. Ол қоқыстың бар-жоғын тіркеп қана қоймай, оны тиімді әрі ресурсты үнемдей отырып тасымалдау логистикасын құрады.

Сарапшылар мұндай шешімдер «ақылды қала» инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып, экологиялық қауіпсіздік пен ресурстарды ұтымды пайдалануға қызмет ете алатынын атап өтеді.

Сонымен қатар Әділ Агинтаев TilJoly білім беру стартабын дамытуда. Бұл жоба қазақ тілін үйренуге арналған цифрлық платформа болып табылады. Қызмет интерактивті форматта оқытып, қолданушының деңгейі мен оқу қарқынына бейімделеді. Жоба мемлекеттік тілді насихаттауға және сапалы тілдік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Фотосуреттерді облыстық білім беру басқармасы ұсынды