Павлодарлық оқушылар алғашқы мектептік хакатонда бақ сынады
Жарыс жеңімпаздары 100 мың теңге ұтып алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда Pavlodar Hub және Geron IT мектебінің қолдауымен алғашқы мектептік хакатон – «School Hackathon» өтті. Бұл сайыс жасөспірімдердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Байқауға 10-нан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары қатысты. Олар екі жас санатына бөлінді: 10-14 жас және 14-18 жас аралығы. Әр командаға IT саласындағы жеке тапсырма берілді, оны 12 сағат ішінде орындау қажет болды.
– Біз алғашқы мектептік хакатонды өткізіп отырмыз. Қатысушылар тапсырмаларды алдын ала білмейді – оларды тек басталған сәтте алады және 12 сағат ішінде өз жобасын және презентациясын ұсынуы тиіс. Біз жасанды интеллектті қолдануға тыйым салмаймыз, керісінше, оны дұрыс қолдана білу маңызды екенің түсіндіргіміз келеді, – деді Pavlodar Hub жетекшісі Нұргүл Жұмадиева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – өңір жастары арасында цифрлық сауаттылықты арттыру және IT саласын танымал ету. Pavlodar Hub жас бағдарламашыларға арналған тегін курстар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда.
– Мұндай жарыстар балаларға техникалық дағдыларды дамытумен қатар, командада жұмыс істеуді, идеяларын қорғауды және креативті ойлауды үйретеді, – деп атап өтті филиал жетекшісі.

Қатысушылардың бірі – 15 жастағы Роман Бушуев, «Team Бешбармақ» командасының мүшесі сайыстың маңыздылығын атап өтті.
– Мен бұл хакатонға жаңа достар табу және командада жұмыс істеуді үйрену үшін келдім. Бағдарламалау – менің сүйікті ісім. Бұған дейін сайттар мен бейнеойындар жасап көрдім, – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша әр санаттағы жеңімпаз команда 100 мың теңгеден иеленсе, барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.