Павлодарлық оқушылар айсинг әдісімен кондитерлік өнімдер әзірледі
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Кенжекөл ауылының кішкентай тұрғындарына айсингтен шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» жоғары инновациялық-аграрлық колледжінің өндірістік оқыту шебері Бақытжан Ғалымованың айтуынша, айсинг – бұл тортты безендіруге патшалық глазурьден жасалған тәтті безендірмелер. Мұндай тәттілердің бірнеше жылдар бойы сақталатын қасиеті бар.
Балаларға кондитерлік өнімдерді безендіру үшін еркін тақырып берілді. Кейбір мектеп оқушылары печеньенің бетіне YouTube-та әйгілі стримерлердің аттарын салды.
– Бұл – Элисон Перецтың белгісі. Ол видеороликтер түсіріп, Minecraft ойыны туралы айтады, – дейді Әмина Есенова.
Ал оның көршісі жүректер мен мысықтармен қоршалған саяхатшы стримердің атын жазған. Басқа балалар дайын печенье пішіндерін бояумен шектелді. Шеберлік сағаты кезінде әр бала патшалық глазурьді қолдану әдісін меңгеріп, кондитерлік өнімді безендіруді үйренді.
Фото: Константин Шелков