Павлодарда ең апатты учаскелердің жылу құбырлары жөнделеді

Павлодарда ең апатты учаскелердің жылу құбырлары жөнделеді

Ішкі кварталдық учаскелердегі жылу желілерінің тозуы 70-90%  жетеді. Соның салдарынан апаттар жиі орын алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қалалық әкімдігінің хабарлауынша, «Жылумен жабдықтаудың ішкі  желілерін реконструкциялау. 1 кезек» жобасы бойынша 2022 жылы тоғыз шақырымға жуық көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу құбырлары жөндеуден өтеді.  Жылу құбырларын жаңарту төрт учаскеде жоспарланған: Назарбаев, Қайырбаев, Естай көшелерінің бөлігі, Ломов, Мәшһүр Жүсіп, Пахомов көшелерінің аумағы, Ломов, Мәшһүр Жүсіп, Гагарин шекараларында және Ломов, Мәшһүр Жүсіп, Нұркин, Амангелді  көшелерінің  бөлігінде. 


– Жол бөлігінде орналасқан жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының  жүргізілуіне қарай жолаушылар көлігінің қозғалысын қайта бағыттай отырып, жүріс бөлігін жабу жөніндегі іс-шаралар келісілетін болады, - деп хабарлады қала әкімдігінде. – Қажет болған жағдайда көшелер ішінара жабылатын болады.

Қай көшелердің қандай уақыт аралығына дейін жабылатыны туралы ақпарат  алдын ала  хабарланады.

Облыс әкімдігі мен «ОАЭК» АҚ арасында қол қойылған Павлодарды жылумен қамту мәселелерін шешу жөніндегі жол картасына сәйкес жыл сайын ішкі кварталды жылу желілерін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. 

– 2023 жылдың бірінші кезеңінде 11,7 км кварталдық жылу желілері ауыстырылады, – деп толықтырды қалалық әкімдікте. – Павлодардағы ең апатты учаскелердің жылу құбырлары жөнделеді.

Аталған жұмыстар жылыту маусымы аяқталғаннан кейін мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталады деп күтілуде. 

Мердігер – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС. Жоба бойынша жөндеу жұмыстарының ұзақтығы – бес ай.

Фото: Константин Шелков