Павлодарлық оқушылар бір мезетте домбырада күй орындайды
Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж 20 наурыз күні өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, биыл Наурыз мейрамы еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде 14-23 наурыз аралығында өтеді.
Аталмыш челлендж өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын жалғастыруға, балалар арасында домбырада ойнауды насихаттауға бағытталған.
- Домбырашылар челленджінің мақсаты - балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Шараға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Бұл челлендж былтыр алғаш рет өтті. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнады. Бұл еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға. Шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіледі, - дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Биыл Наурыз мейрамы еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде 14-23 наурыз аралығында өтеді. Осы күндері тақырыптық челлендждер, жалпыұлттық экологиялық акция және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Айта кетелік, Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж 20 наурыз күні сағат 12:00-де өтеді.