Павлодарлық оқушылар «Geo Star» ұлттық олимпиадасында бақ сынады

Үздік қатысушылар Астанаға жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. Әлімбаев атындағы мектептің базасында «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен география пәнінен «Geo Star» ұлттық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Олимпиаданы «Астана дарыны» орталығы, «Ecoforming» қоры және «National Geographic Qazaqstan» журналының редакциясы қолдады.
– Олимпиаданың мақсаты – географияға қызығушылығы бар оқушыларды анықтап, олардың білімін тереңдетуге ынталандыру. Байқауға 7-8-сыныптардан барлығы 71 оқушы қатысты: 32 оқушы 7-сыныптан және 39 оқушы 8-сыныптан. Олар облысымыздың 3 қаласынан, 14 мамандандырылған мектебінен және 10 ауданынан келді, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Олимпиада қорытындысы бойынша 4 оқушы І дәрежелі дипломға, 10 оқушы ІІ дәрежелі дипломға, ал 17 оқушы ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары 12-15 мамыр аралығында Астана қаласында өтетін Ұлттық олимпиадаға жолдама алды.