Павлодарлық оқушылар көктемгі демалыста Қазақстанның қалаларын аралайды
Бұдан бөлек балалар үшін танымдық, мәдени шаралар өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, 21-31 наурыз аралығында 45 мыңнан астам оқушы қызығушылықтары бойынша түрлі іс-шаралармен қамтылады. Сегіз мектептен тыс мекеме мен 17 аула клубына баратын 20 мыңнан астам баланың көктемгі демалысы жоспарға сәйкес өтеді.
Өз жобалары шеңберінде қосымша білім беру мекемелерінде музыкалық, техникалық, көркемдік, лингвистикалық бағыттағы іс-шаралар мен экскурсиялар, спорттық жарыстар жоспарланған. Он мыңнан астам оқушы үшін Ж.Аймауытов атындағы театрға, Чехов атындағы драма театрына, кинотеатрларға, қала мұражайларына экскурсия ұйымдастырылады. Екі мыңнан астам бала мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жеке қосымша білім беру ұйымдарының үйірмелеріне барады.
– Наурыз мейрамына арналған іс-шараларды іске асыру аясында мектептерде ұлттық киім көрсетілімдері, қайырымдылық жәрмеңкелер, концерттер, қаланың құрметті тұрғындарымен, педагогика еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізіледі. Мектептерде тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту турнирлері өткізіледі. Олар балаларға жалпы мереке атмосферасына енуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті қалалық білім беру бөлімінде.
Сондай-ақ, қала мектептері ата-аналар жұртшылығының қолдауымен 120-дан астам оқушы Астана, Түркістан, Алматыға экскурсияға барады.
Айта кету керек, демалыс аясында бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру бойынша сынып сағаттары да жоспарланған.