Павлодарлықтар мерекелік іс-шаралар кезінде тамақтан уланып қалмау үшін не істеу керек?
Бұл сұраққа облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері тұрғындарға қоғамдық тамақтану орындарында қауіпсіздікке ерекше назар аударуға кеңес береді. Әсіресе корпоративтер мен басқа да жаппай іс-шаралар кезеңінде тағамнан улану қаупі арта түседі.
– Қолданыстағы талаптарға сәйкес, елуден астам отырғызу орны бар қоғамдық тамақтану объектілері міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға ие болуы тиіс. Бұл құжат нысанның санитарлық нормаларға сәйкес екенін растайды және объекті қызметін жүзеге асырып отырған кезеңде жарамды болып саналады. Ал 50 және одан аз орындары бар объектілер қызметін бастау туралы хабарлама негізінде жұмыс істей алады, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.
Айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды кәсіпкердің өзіне емес, нақты объектіге беріледі. Сондықтан бір кәсіпкердің бірнеше мейрамханасы болса, әр нысанға жеке қорытынды рәсімделуі қажет. Тұтынушы бұл құжатты еркін сұрап, танысуға құқылы. Құжаттың болуы тағам қауіпсіздігіне кепілдік бермегенімен, санитарлық талаптардың ресми түрде тексерілгенін көрсетеді.
Мамандар азаматтарға мекемеге келген сәттен бастап келесі жайттарға назар аударуға кеңес береді. Атап айтқанда: қызметкерлердің арнайы киіммен жұмыс істеуі, ыдыс-аяқтың тазалығы, майлы немесе кір болмауы, залдың, үстелдердің, санитарлық тораптардың жағдайы және тағамды ұсыну мен сервировка ережелерінің сақталуы.
Мамандардың сөзінше, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау – мерекелік көңіл күйдің қауіпсіз өтуінің басты шарты.