Павлодарлық оқушылар жүннен киіз басуды, эко-сөмке тігуді үренді
№25 жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушылары қолөнер шеберлерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шараны Margulan university Өнер және спорт жоғары мектебінің «Көркем еңбек» білім беру бағдарламасының оқытушылары ұйымдастырды. Оқушылар кездесуде жүннен киіз басуды, эко-сөмке тігуді және ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап үйренді.
–Бүгін біз өте қажетті, пайдалы дағдыларды үйрендік. Маған әдемі әшекей бұйымдарын жасау өте ұнады. Өз қолыңмен бірегей өнер туындыларын жасау өте керемет! – деп 8 «Б» сынып оқушысы Диляра Мүсәлім ұстаздарға алғысын білдірді.
Шеберлік сабағында ұстаздар мен оқушы қыздар құрғақ киіз басу әдісі арқылы жүнмен жұмыс жасады. Құрғақ киіз басу үшін жүнді тесетін арнайы инелерді пайдаланған.
– Қыздар шеберлік сабағында кәдесый, декор немесе ойыншық ретінде пайдалануға болатын көлемді жүн бұйымдарын жасауды үйренді. Олар бұл техниканың көмегімен нағыз шедеврлерді – қайталанбас, әдемі бұйымдарды жасауға болатынын білді, – деді Индира Дәулетова.
Сондай-ақ кездесу барысында мектеп оқушылары эко-сөмке тігуге қажетті дағдыларды меңгеріп, тігін машинасының жіптерін реттеуді үйренді. Шара соңында қол тігістерінің түрлерімен танысып, шеберлердің дайын жұмыстарын тамашалады.