Павлодарлық оқушылар «Жарқын болашақ» олимпиадасында топ жарды
Астанада өткен республикалық қазақ тілі олимпиадасында өңір намысын қорғаған бес оқушы жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, білім додасы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында 11-12 мамыр күндері ұйымдастырылды.
Оқу-ағарту министрлігі мен «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қоры өткізген ауқымды шара бес түрлі бағытты қамтыды. Қатысушылар комикс салу, мақал-мәтел айту, шығарма жазу, шешендік өнер және вокал бойынша бақ сынасты. Жарысқа өзге ұлт өкілдері мен қазақ топтары бөлек қатысып, тіл меңгеру деңгейлерін көрсетті.
Павлодар өңірінен республикалық кезеңге облыстық іріктеуден өткен 10 оқушы жолдама алған болатын. Нәтижесінде жерлестеріміз жоғары дайындықтарын дәлелдеп, жүлделі орындардан көрінді.
«Сөз шеберлері» номинациясы бойынша Шарбақты ауданы Хмельницкий мектебінің 10-сынып оқушысы Каусар Азамат ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар төрт оқушы олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Олардың қатарында «Жас қаламгер» бағытында Қ. Сәтбаев атындағы гимназия оқушысы Дильназ Сатбек, «Бейнелеушілерде» №8 лицей оқушысы Ясира Аканова бар. Ал «Әнші-бұлбұлдар» сайысында Ақсу қаласынан Ярослав Соколов пен №3 гимназия шәкірті Самира Сарсембаева ІІІ дәрежелі дипломдарды иеленді.
Мамандардың айтуынша, мұндай олимпиадалар жастардың ана тіліне деген құрметін арттырып, шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашады. Биылғы додаға Павлодар облысынан барған делегация құрамында Екібастұз қаласы мен Успен, Аққулы аудандарының да талантты оқушылары болды.