Павлодарлық оқушылардың қандай тамақ ішетінін депутаттар тексермек
Депутаттар мен қоғам белсенділері мониторингтік топтың құрамына кіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қалалық мәслихаттың төрағасы Қобланбек Қожиннің айтуынша, мониторингтік топ құру бастамасы қалалық маслихат депутаттарына тиесілі.
- Біздің ұсынысымызды білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин қолдады. Мониторинг тобында қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері кіреді. Тексерулерге білім басқармасының, ҮЕҰ мен ата-аналар комитетінің өкілдері де қатысқанын қалаймын, - деді Қобланбек Қожин.
Оның айтуынша, мониторингтік топтар мектептерге ескертусіз барады.
– Біз ешбір шақыртуды күтпей, тосыннан барамыз. Атап өтерлігі, біздің ас үйге кіріп, сертификаттау үшін өнімдерді тексеруге құқығымыз жоқ. Тексерулер визуалды болады. Бастауыш сыныптардың түскі ас уақыты басталған кезде барамыз. Онда сағат 11.00-ден ерте бармаймыз. Тек оқушылардың не ішіп-жейтінін көреміз. Мектеп оқушыларының ата-аналары тамақтар салқын күйінде берілетінін айтып жиі шағымданады. Мұның бәрін көретін боламыз, - деді ол.
Сонымен қатар, мониторингтік топтар оқу жылының соңына дейін жұмыс істейтін болады.
- Бұл бір реттік акция емес. Бұзушылықтар анықталған жағдайда СЭБД-ге хат жазамыз. Біз тек белгілі бір ескертулерді жою бойынша ұсыныстар бере аламыз. Сондай – ақ, ата-аналар мектептерде тамақтану сапасын тексеру бойынша бастамашыл топ құра алады, - деді депутат.
Айта кетейік, Павлодарда мектептегі тамақтану сапасы туралы мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, қала мектептерінің бірінде оқушы тамақтан құрт тапқан. Оқиғадан кейін мектеп директоры сөгіс алды. Ал асхананың өзінде санитарлық тексеру жүргізілді.