Павлодарлық педагог Қазақстан чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды
Павлодарлық ұстаз Нұрия Ахметова педагогика мен спортты қатар алып жүруге болатынын дәлелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді және жеңіл атлетикамен айналысады. Мұғалім өз дағдысы арқылы оқушыларын спортқа ынталандырып келеді.

– Спортқа деген қызығушылығым бала кезден бар еді. Дегенмен мен педагог болу жолын таңдап, балаларды тәрбиелеуге ден қойдым. Қазір сүйікті ісімді хоббиіммен қатар алып жүрмін. Бұл істе отбасы мен әріптестерім қолдау көрсетеді, олар – менің басты жанкүйерлерім, – дейді Нұрия Ахметова.
Жақында ол Қарағанды қаласында өткен жабық кешендегі жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатына Masters санаты бойынша қатысты. Еңбек пен табандылықтың нәтижесінде Нұрия Ахметова ұзындыққа секіруден бірінші орын алып, 4×200 және 4×400 эстафеталарында жеңіске жетті. Ал 4×200 аралас эстафетасында екінші орынды иеленді.
Ол Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Константин Сафроновтың жетекшілігімен жаттығады.

Айта кетейік, Қарағандыда өткен жарыста Павлодар облысының құрамасы бұрынғы жылдардағы көрсеткіштерін жаңартып, рекорд орнатты. Командалық есепте спортшылар 102 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 56 алтын, 30 күміс және 16 қола бар. Команда құрамында Masters санатындағы 32 спортшы және 35 жасқа дейінгі алты жас спортшы өнер көрсетті.
Фото: Нұрия Ахметованың жеке мұрағатынан