Павлодарлық полицей кадрлардың «астаналық» проблемасын айтты
Қажетті мамандардың елордаға қоныс аударуы тыйылмай тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанаға көшкісі келетін павлодарлық полицейлердің қарасы барған сайын артуда. Сол себепті құқық қорғау органдарында кадрлық тапшылық күшейген. Бұл туралы ақпаратты Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жандос Орынбаев жеткізді.
- Бізде облыс бойынша 300-ге тарта полицей жетіспейді, - дейді ол. – Патрульдік полицей, криминалист, тергеуші – барлық салада адам қажет. Әрине, біздің жұмыс оңай емес, қызмет кестесі біркелкі емес, кейбір адамдардың органдардан кетуі осыдан. Бірақ соншама қатты кадр жетіспеушілігі бар деп те айта алмаймын.
Жандос Орынбаевтың сөзіне қарағанда, тағы бір маңызды себеп – жалпы павлодарлықтардың басқа қалаларға, нақтырақ айтқанда, Астанаға көшуге деген ынтызарлығы.
- Қазір көп адам Астанаға барып тұрсам дейді. Бұл жерде жұмыстың ауырлығы немесе қиындығында, тіпті материалдық мәселе де маңызды емес, бастысы – отбасылық жағдай. Біз оларға туған жерге деген патриоттық сезімің қайда деп үгіттейміз, олардың елде қалғанына барынша тырысудамыз. Одан бөлек, оңтүстік өңірлерге барып үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Алайда, олардың көбі ата-аналарын, отбасыларын сағынып, біраздан кейін елдеріне қайтып кетеді, - деп күрсінеді Жандос Орынбаев.
Осы отырыс барысында Жандос Орынбаев полицей боламын деушілерді қандай жалақы күтетінін жеткізген еді. Оның айтуынша, жаңа ғана погон таққан учаскелік полицей алғашқы жылы-ақ 278 116 теңге көлеміндегі жалақыға ие болады. Одан бөлек, полиция қызметкерлерінің барлығы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда ай сайын қосымша 68 886 теңге баспана төлемін алады.
Полиция формасын киіп, қазақстандықтардың заңды мүдделерін сақтап, қоғамдық тәртіпті қорғап, елдегі тыныштықты сақтаймын деушілер жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 39-10-80, 39-10-81, 39-10-72 телефон нөмірлеріне хабарласа алады.