Павлодарлық полицейлер өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесті
Жыл басынан бері облыстың мыңнан астам тұрғыны тұрмыстағы қатыгездігі үшін жазаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі қызметкерлер өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдермен профилактикалық-түсіндіру іс-шараларын жүргізеді.
- Біз күн сайын отбасында бірнеше рет зорлық-зомбылық көрген Павлодар қаласының дағдарыс орталығының әйелдерімен кездесеміз. Әрқайсысына ана мен балаға қатысты мәселелерде заңгерлік көмек көрсетіледі. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының заңнамасын түсіндіреміз, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексімен таныстырамыз. Бұдан басқа, біз әйелдерге жұмыс табуға, балаларды мектепке, балабақшаға орналастыруға көмек көрсетеміз, - деді облыстық ПД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айсұлу Салманова.
Аға инспектордың айтуынша, тәртіп сақшыларынан көмек сұрайтындар аз емес. Мәселен, павлодарлық әйел полицияға жұбайының тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа үнемі ұшырайтынын айтып, хабарлаған. Оның туыстары жоқ. Балаларымен қайда бару керектігін білмейді. Тағы бір жағдайда, 45 жастағы әйел күйеуі қайтыс болғаннан кейін пәтер жалдауға жағдайы келмей қалғанын айтып, көмек сұраған.
- Әрбір жағдайда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жеке қарайды. Екі жағдайда да біз әйелдерге көмек көрсеттік. Бірінші кезекте оларды "Дағдарыс орталығына" орналастырдық. Балалар балабақшаға және мектепке баратын болды. Ал аналар болса ПИК-ке техникалық персонал ретінде жұмысқа орналасты, - деді Айсұлу Салманова.
Ал полицейлердің көмегіне жүгініп, тіршілігін тура жолға салуға ниет еткен ананың бірі қазіргі жағдайымен бөлісті.
- Уақытша болса да, тұратын жерім бар. Ұлым мектепте оқиды және құрдастарымен араласады. Тіпті жақсы оқи бастады. Мен қазірдің өзінде жалақы алып отырмын, ұлыммен дүкенге барып, қалағанын сатып алып бере аламын. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Өйткені, мен бұрын ешқашан жұмыс істеген емеспін. Орталықта жүргенде менің тағдырым мемлекетке бей-жай емес екенін, қиын сәтте маған міндетті түрде көмектесетінін түсіндім, ең бастысы оған сену керек, - дейді Гүлнәр.
Тәртіп сақшылары ағымдағы жылы тұрмыстағы бұзушылықтар үшін 1064 тұрғын жазаланғанын атап өтті.