Павлодарлық полицейлер балаларды алаяқтардан қорғануды үйретті

Мектеп жанындағы лагерь оқушыларына полицейлер қаржылық және цифрлық қауіпсіздік бойынша танымдық сабақ өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараның басты мақсаты – балалардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттырып, оларды алаяқтардан қорғануға үйрету. Сабақ барысында құқық қорғау қызметкерлері заманауи интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерін түсіндіріп, киберқылмыстардан сақтанудың тиімді жолдарын айтты.
– Бүгінгі дәрісті ойын түрінде өткізіп, балаларға ақпаратты интерактивті тәсілмен жеткізуге тырыстық. Олар күмәнді сайттар мен ұсыныстарды ажыратуды, сондай-ақ «дроппер» ұғымының не екенін және оның қандай заңды жауапкершілікке алып келуі мүмкін екенін білді. Сонымен қатар, өзге де алаяқтық схемаларға тарту жолдарын талқыладық, – деді облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Қадыржанов.
Сабақ барысында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.
Кездесу соңында тәртіп сақшылары балаларға үй тапсырмасын берді. Сабақтан алған білімдерімен ата-аналары, туыстары және достарымен бөлісіп, цифрлық ортада қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытпау. Полицейлер балаларға киберқауіпсіздік ережелерін сақтау – болашақта алаяқтардан қорғанудың басты кепілі екенін еске салды.