Павлодарлық полицейлер республикалық қоян-қолтық ұрыста жүлдегер атанды

Павлодарлық полицейлер республикалық қоян-қолтық ұрыста жүлдегер атанды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жерлестеріміздің қоржынында қос күміс бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

3–6 сәуір аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар өз салмақ дәрежелері бойынша татамиге шықты. Жеңімпаздар командалық есепте де, жеке біріншілікте де анықталды.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеке есепте павлодарлық полицей Жамбыл Мақашев екінші орынды иеленсе, 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қыздар арасында Мәдина Жұмабаева әріптесінің жеңісті жолын жалғап, ол да күмістен алқа тақты. 

Спортшылар табысқа жету жолында күрделі кезеңдерден өтті. Қарқынды жаттығулар, тактиканы талдау, қателіктермен жұмыс және жаттықтырушының қолдауы.

– Біз үшін чемпионаттарға қатысу – үлкен мәртебе. Әрі қарай да жұмыс істеп, үздік нәтижелерге жету үшін бар күшімізді саламыз. Алған марапаттар бізге үлкен жауапкершілік жүктейді және жаңа жеңістерге ұмтылуға ынталандырады, – дейді жеңімпаздар.

Тәртіп сақшылары Павлодар облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Вальтерге алғыс білдіреді. Оның тәжірибесі, кәсібилігі және сенімі спортшылардың өз мүмкіндігін көрсетуіне зор ықпал етті.

Фото: ПД баспасөз қызметінен.