Павлодарлық полиция қызметкері Азия чемпионатына жолдама алды
Самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты Абай облысының Семей қаласында өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, спорттық жарыстарға еліміздің барлық өңірлерінен 400-ден астам спортшы қатысып, 7 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Павлодар облысы ПД СОБР командирі, полиция полковнигі Руслан Қаңтарбаев 98 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, маусым айында Астана қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.
– Руслан Қаңтарбаев Ішкі істер органдарында 2005 жылдан бастап қызмет етеді. 2022 жылғы самбодан ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, самбо мен джиу-джитсудан ІІМ чемпионаттары мен жарыстарының бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстан Республикасының спорт шебері, – дейді департаментте.
Сондай-ақ Павлодар облысы ПД СОБР аға инспекторы, полиция майоры Нұрлан Тоскарин 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде иегері атанды. Ол да ҚР спорт шебері, халықаралық чемпионаттардың жүлдегері.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және дипломдармен марапатталды.