Павлодарлық полицейлер түнгі шудан шағымданған тұрғындарға көмек көрсетті

Өңірде жыл басынан бері түнгі уақытта тыныштықты бұзған 4,5 мыңнан астам тұрғынға қатысты әкімшілік шара қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көпқабатты үйлерде тұратын кейбір азаматтардың әрекетінен тұрғындардың мазасы жиі қашады. Кешкі және түнгі уақытта қатты музыка қосу, айқай-шу, жөндеу жұмыстарын жүргізу – мұның бәрі көршілердің тыныштығын бұзады.
Мәселен, Лермонтов көшесіндегі үй тұрғындары түн ортасынан кейін бірнеше сағат бойы шулаған көршілеріне полицияға шағымданған. Ескертуге қарамастан, тәртіп бұзушылар тынышталмаған. Дәл осындай жағдай Бұқар Жырау көшесіндегі көпқабатты үйде де тіркелді – жастар түн ішінде терезе алдында дауыстап, тұрғындардың демалуына кедергі келтірген.
– Аталған тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте, егер түнгі уақытта көршілердің қатты дауысы, музыкасы немесе жөндеу жұмыстары тыныштықты бұзса, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтеміз, – деді департаментте.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, түнгі тыныштықты бұзу ескерту не айыппұл салумен жазаланады.