Павлодарлық полицейлер жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыс түрлерін атады

Павлодарлық полицейлер жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыс түрлерін атады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жастар құқықбұзушылыққа көбіне түнгі уақытта барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізгі себептері – тез әрі жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу, әлеуметтік желілер арқылы қылмысқа тартылу, бос уақыттың тиімді ұйымдастырылмауы, әлеуметтік бейімделудің төмендігі, құқықтық сауаттың әлсіздігі және ата-аналар бақылауының жеткіліксіздігі.

Өңірдегі құқықбұзушылық ахуалы туралы Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісова мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы уақытта жасөспірімдердің алаяқтық схемаларға араласуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Сонымен қатар өңірде кәмелетке толмағандар тарапынан ұрлық, бұзақылық және автокөлік айдап кету деректері тіркелген. Құқықбұзушылықтардың басым бөлігі түнгі уақытта жасалған.

– Бұл ата-ана бақылауының әлсіздігін көрсетеді. Осыған байланысты полицейлер «Қауіпсіз демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» секілді профилактикалық рейдтерді тұрақты өткізуде. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе көшеде заңды өкілінсіз жүргені анықталды. Нәтижесінде 26 кәсіпкерлік нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 446 ата-ана бала тәрбиесі міндеттерін орындамағаны үшін, ал 723 заңды өкіл балалардың түнгі уақытта қараусыз жүргені үшін жауапқа тартылды, – деді инспектор.

Қазіргі таңда облыста профилактикалық есепте қолайсыз отбасылардан шыққан 218 кәмелетке толмаған және 66 жасөспірім тіркеуде тұр. Сот шешімімен ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу бойынша 94-тен астам өтініш қанағаттандырылған. Сондай-ақ сегіз жасөспірім арнайы білім беру ұйымдарына жіберілген.

Жазғы демалыс кезеңінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері мектептер мен оқу орындарында жол қауіпсіздігі, су айдындарындағы сақтық, интернет және тұрмыстық қауіпсіздік тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Жыл басынан бері білім беру ұйымдарында 2000-нан астам кездесу мен дәріс өткізілген.

Полиция ата-аналарды балалардың жүрген жерін үнемі бақылауға, интернеттегі қауіпсіздігіне назар аударуға, суға ересектерсіз жібермеуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауды тұрақты ескертіп отыруға шақырды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта жасөспірімдер қылмысының құрылымы өзгеріп келеді. Бұрын құқықбұзушылықтар көбіне әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тіркелсе, бүгінде қылмыстардың шамамен 80 пайызы толыққанды әрі жағдайы жақсы отбасылардың балалары тарапынан жасалатыны байқалады.

Соңғы жылдары ауыр қылмыстар саны азайғанымен, интернет-алаяқтық фактілері артып отыр. Осыған байланысты өңірде киберқылмысқа қарсы арнайы бөлімдердің жұмысы күшейтілген.