Павлодарлық психолог жасөспірімдердегі эмоционалдық дағдарыс белгілерін атады
Балалар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда тек ата-аналардан бөлек, бүкіл қоғам маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқушылар арасындағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу және қауіп белгілерін дер кезінде байқау жолдары туралы психолог айтып берді.
Облыстық білім басқармасы жанындағы өңірлік психологиялық қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Жанар Сматаеваның айтуынша, бұл мәселеде тек ата-аналар ғана емес, баланың айналасындағы орта – мектеп, достар және жалпы қоғамның маңызы зор.
Маманның пікірінше, негізгі міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдауды күшейту. Ол үшін мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың жұмысын нығайтып, бала көмек сұраудан қорықпайтын жағдай жасау қажет.
– Жеткіншектер қандай мәселемен келсе де, оларды тыңдау және есту өте маңызды. Сонымен қатар, ата-аналар мен оқушыларға суицидтік мінез-құлық белгілері туралы түсіндіру, тренингтер, семинарлар және басқа да ағартушылық іс-шаралар өткізу қажет, – дейді Жанар Сматаева.
Психологтың айтуынша, мектеп оқушылары арасында сенім мен өзара қолдау атмосферасын қалыптастыру да аса маңызды. Бала өзін ұжымның бір бөлігі ретінде сезініп, қолдау таба алатынын білсе, ол стресс пен қиындықтарды жеңіл еңсереді. Мұндай қарым-қатынас оқушылардың ішке жабылмай, бір-біріне қолдау көрсетуіне ықпал етеді.
Отбасылық қарым-қатынасқа да ерекше назар аудару қажет. Бала үйде қауіпсіздік, түсіністік және эмоционалдық қолдау сезінуі тиіс.
– Отбасында ашық әңгіме болуы керек. Ата-аналар баланың эмоционалдық жағдайына назар аударып, оның ішкі уайымдарын сұрап отыруы маңызды. Сондай-ақ, балалардың интернеттегі мінез-құлқын бақылап, қандай ақпаратқа қызығатынын біліп, қажет болса зиянды контенттен қорғау қажет, – дейді психолог.
Маманның түсіндіруінше, жасөспірімдерде өзіне қол жұмсау туралы ойлардың пайда болуына көбіне бірнеше фактор қатар әсер етеді. Бұл ішкі күйзелістер, отбасындағы мәселелер, мектептегі қиындықтар немесе айналадағы қысым болуы мүмкін.
– Себептердің қатарында отбасылық қақтығыстар, ата-ананың ажырасуы, эмоционалдық қолдаудың жетіспеуі бар. Сондай-ақ әлеуметтік қысым, буллинг, құрдастармен қарым-қатынас мәселелері, әлеуметтік желідегі негатив әсер етеді. Жеке уайымдар да ықпал етеді: достық, алғашқы махаббат, болашақ алдындағы қорқыныш, оқу қиындықтары. Сонымен қатар, депрессия, шизофрения, биполярлық бұзылыс сияқты психикалық аурулар да әсер етуі мүмкін, – деді Жанар Сматаева.
Психолог жасөспірімдер әрдайым өз сезімдері туралы ашық айта бермейтінін алға тартады. Көп жағдайда олар мәселесін өз бетінше шешуге тырысып, эмоциялық жағдайын жақындарынан да жасырады.
– Әдетте дәл қиын сәттерде жасөспірімдерде ауыр ойлар пайда болады. Бұл кезде оларға ересектердің түсінігі мен қолдауы ерекше маңызды, – дейді маман.
Мамандар ата-аналарға баланың өміріне, оның ортасына, достарымен қарым-қатынасына және мектептегі жағдайына жиі қызығуға кеңес береді. Күнделікті қарапайым әңгімелер де баланың эмоционалдық жағдайын жақсырақ түсінуге және өзгерістерді уақытында байқауға көмектеседі.
– Оның уайымдарын бағаламау өте маңызды, керісінше қолдау көрсету керек. Балалар өздерін түсінетінін және қабылдайтынын сезінуі қажет, – дейді психолог.
Сонымен қатар, баланы стресс пен қиындықтарды жеңуге үйрету қажет. Маманның айтуынша, эмоционалдық тұрақтылық дағдылары жасөспірімдерге қиын кезеңдерді жеңіл өткеруге көмектеседі.
Егер ата-аналарда алаңдаушылық тудыратын белгілер байқалса немесе бала өмірдің мәнсіздігі туралы айта бастаса, мамандарға – психолог немесе психотерапевтке жүгіну қажет.
Отбасындағы тыныш әрі қауіпсіз орта да өте маңызды. Бала жақындарының қолдауын сезініп, өзін әрдайым тыңдайтынын білуі тиіс.
Интернет пен әлеуметтік желілерге де ерекше көңіл бөлу қажет. Ата-аналар баланың онлайн қызығушылықтарын біліп, кибербуллинг белгілерін уақытында байқап, қажет жағдайда әрекет етуі тиіс.
Сонымен қатар, психолог ата-аналарға суицидтің алдын алу бойынша ақпараттық материалдарды оқып, арнайы семинарлар мен тренингтерге қатысуды ұсынады.
Негізгі белгілердің қатарында Жанар Сматаева көңіл күйдің күрт өзгеруі, үлгерімнің төмендеуі, тұйықталу, достармен араласудан бас тарту және бұрынғы қызығушылықтардың жоғалуы сияқты өзгерістерді атады. Ата-аналар мұндай өзгерістерді елемей, мәселені жалғыз шешуге тырыспауы тиіс.