Павлодарлық сарбаздарды ТЖМ әскери бөліміне салтанатты түрде шығарып салды

Павлодарлық сарбаздарды ТЖМ әскери бөліміне салтанатты түрде шығарып салды
Фото: Константин Шелков

Жиырмадан астам адам азаматтық және өрт қауіпсіздігі бағыттары бойынша мамандандырылған білім алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге шақырылған сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Биыл өңірден 25 жас азамат әскер қатарына аттанды.

Төтенше жағдайлар саласындағы әскери бөлімдерде қызмет еткен жастардың кейін кәсіби құтқарушы немесе өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Мұны облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Қасымов мәлімдеді.

– Қазақстан бойынша ТЖМ-ге қарасты бес әскери бөлім жұмыс істейді. Олар Семей, Ақтөбе, Қарағанды, Ұзынағаш және Ақкөл қалаларында орналасқан. Мұнда сарбаздар төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жұмыстарына қатысып, жүргізуші, инженер және радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс бағыттары бойынша дайындықтан өтеді, – деді ол.

Оның айтуынша, сарбаздар әскери борышын өтеп қана қоймай, болашақ мамандығына қажетті тәжірибе де жинайды.

– Жастар бір мезетте екі мақсатқа қол жеткізеді. Олар әскери борышын өтеп, алғашқы тәжірибе жинақтайды және болашақ мамандығына қажетті білім алады. Яғни, төтенше жағдайлар департаментіне дайын маман болып келеді, – деді Ерлан Қасымов.

Сонымен қатар, ТЖМ әскери бөлімдерінде қызмет еткен азаматтарға ведомстволық академияға түсу кезінде жеңілдіктер беріледі.

– Бұл – біздің ведомстволық жоғары оқу орнымыз. Егер талапкерлердің ұпай саны бірдей болса, әскери билеті бар және дәл осы әскери бөлімдерде қызмет еткен жастарға басымдық беріледі, – деді азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары.

Павлодарлық Жастілек Рамазанов, әскерге бару туралы шешімді өзі саналы түрде қабылдаған.

– Бұл әскердің басты артықшылығы – адамдарды құтқару, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халыққа пайда әкелу. ТЖМ қатарындағы қызмет ұлттық ұландағы қызметтен өзгеше. Маған осы бағыт көбірек ұнайды, – деді болашақ сарбаз. – Мен өрт сөндіріп, адамдарды құтқарғанды ұнатамын. Әскерден кейін өрт сөндіру қызметіне орналасып, осы салада мансабымды жалғастырғым келеді. Ең қызығы – біздің әулеттен ТЖМ әскери бөліміне алғаш болып мен бара жатырмын. Бұған дейін туыстарымның ешқайсысы бұл салада қызмет етпеген. Осы жолды таңдауыма америкалық құтқарушылар туралы фильм әсер етті.

Жас сарбаздарды шығарып салуға олардың ата-аналары мен жақындары келді. Олардың ішінде немересін әскери қызметке шығарып салуға келген Мұрат Ахметжановта болды. Оның сөзінше, бұл олардың отбасылары үшін ерекше күн.

– Бүгін немерем әскерге кетіп жатыр. Дәл осы күні 46 жыл бұрын мен де әскерге аттанған едім. Сондықтан бұл күн біздің әулет үшін өте маңызды. Азамат болған соң елдің қамын ойлап, Отан алдындағы борышты өтеу керек, – деді ол.

Ақсақал әскери қызметтің жігітті шыңдайтынын атап өтті.

– Өзім әскерде болдым, оған еш өкінбеймін. Себебі әскери қызмет жігітті нағыз ер азамат етеді. Немерем ақылды, сабырлы бала. Оның қолынан бәрі келетініне сенемін. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барлық балалар үйлеріне аман-есен оралсын, – деді Мұрат Ахметжанов.

Айта кетейік, жастар Отан алдындағы борыштарын Семей қаласында орналасқан №68303 әскери бөлімінде өтейді. Әскери қызметтері бір жылға созылады.