Павлодар облысында ТЖД қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар пайда болуда

Павлодар облысында ТЖД қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар пайда болуда
Константин Шелковтың фотосы

Қазіргі таңда өңірде осындай үш оқиға тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ресми тексеру тек Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес және Бас прокуратура бекіткен жоспар негізінде жүргізіледі. Жоспарлы тексеру алдында ұйым иесіне 30 күн бұрын жазбаша ескерту жіберіледі. Ал тексеруге келген инспектор тек қызметтік куәлігін және тексеру тағайындау актісін көрсетуге міндетті.

– Егер күмәнді тұлғалар келсе, ең алдымен олардың қызметтік куәлігін сұраңыздар. Куәлік нөмірін және аты-жөнін біздің департаментке хабарласып, тексеруге болады. Ал егер күмән туындаса немесе қысым көрсетілсе, дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне қоңырау шалыңыз, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов. 

Бұндай жағдайларда бейтаныс адамдар кәсіпорындар мен ұйымдарға барып, өздерін ТЖД инспекторлары ретінде таныстырып, «тексеру жүргіземіз» немесе «өрт қауіпсіздігі бойынша қызмет көрсетеміз» деген желеумен ақы талап етеді. Кейбір жағдайларда олар тіпті WhatsApp арқылы хабарласып, ТЖД логотипі мен фотосын пайдаланып, жалған қызметтік парақшалар жасайды.

Қазіргі таңда өңірде осындай үш оқиға тіркеліп, ТЖД мен құқық қорғау органдары жалған инспекторларды анықтау бағытында нақты шаралар қабылдауда.

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтар мен кәсіпкерлерді қырағы болуға, күмәнді жағдайларда жедел түрде хабарласуға шақырады.