Павлодарлық шаруаларға берілген агросубсидиялар толық игерілді

Қаражат ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дер кезінде жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың діңгегі. Бұл саланы дамытуда қаржылай қолдау, әсіресе субсидиялар маңызды рөл атқарады. Шахар соңғы жылдары осы бағытта елеулі ілгерілеушілік көрсетіп келеді. Алайда, қол жеткізілген жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Биылғы жылы ауыл шаруашылығы маусымында облыс бойынша 29 миллиард теңгеге жуық субсидия бөлінді.
– Биыл біз бөлінген қаражатты жүз пайыз игердік. Бұған дейін де, қазір де аграрларға нақты көмек көрсету басты мақсатымыз болды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Қаржыландыру қанша жерден толық игерілсе де, барлық шаруашылықтарды қамту мүмкін болмады. Қазіргі уақытта 13 миллиард теңгенің өтініші күту парағында тұр. Бұл дегеніміз — субсидия алуға үміткер ондаған шаруашылық қаржыны күтіп отыр.
Бұл жағдай, әсіресе, шағын және орта шаруашылықтарға ауыр тиіп отыр. Себебі кейбір фермерлер техника жаңартуға, жанар-жағармай алуға немесе тыңайтқышқа қаржы таба алмай, маусымды қиын жағдайда өткізіп жатыр.
– Фермерлерді қолдау тек субсидиямен шектелмейді. Сонымен қатар, «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы 17 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, – деді басшы орынбасары.
Сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы» арқылы он сегіз миллиард теңгеге 644 техника сатып алынды. Бірақ аграршылардың айтуынша, бұл қаражат көбінесе ірі шаруашылықтарға бағытталған. Ал кіші және орта шаруаларға банк кепілдігі, бастапқы жарна талаптары кедергі келтіріп отыр.
Субсидия кешіктірілген жағдайда бұл жанар-жағармай сатып алуға да әсер етеді. Кейбір шаруашылықтар арзандатылған дизель отынын дер кезінде ала алмауы мүмкін. Облысқа 33 мың тонна дизель бөлінгенімен, оның бір бөлігі ғана игерілген.
– Фермерлер көбінесе, жанар-жағармай материалдарына субсидия аламын деген үмітпен ақшаларын басқа мақсатқа жұмсауға батылы бармайды. Бұл өз кезегінде техника қозғалысын, өнім жинау қарқынын бәсеңдетуі мүмкін, – деді ол.
Субсидия жүйесіне қатысты тағы бір маңызды тақырып — ашықтық пен цифрландыру. Көптеген шаруалар электронды өтініш беру платформаларының тұрақсыздығына, құжат қабылдау мерзімінің шектеулі болуына шағымданады.
Министрлік деңгейінде субсидия саясатын қайта қарап, сала бойынша тұрақты стандарттар қалыптастыру мәселесі талқыланып жатыр. Жаңа жүйеде субсидия алушыларға қойылатын талаптар жеңілдеуі мүмкін, электронды өтініш беру толық автоматтандырылады және қаржы бөлу кезінде фермердің нәтижесі мен адалдығы есепке алынуы мүмкін.
«Бәйтерек» холдингі арқылы елу миллиардтан астам теңгеге 648 кредит берілді. Сондай-ақ, форвардтық астық сатып алу бағдарламасы шеңберінде «Продкорпорация» арқылы 687 миллион теңге несие берілді.
Айта кетейік, биыл өңір аумағында жауын шашын көп болғандықтан, орақ жинау маусымының аяқталу уақыты қазан айының басына шегерілді.