Павлодарлық спортшы асық атудан еліміздің үздік жаттықтырушысы атанды
Астана қаласында ұлттық спорт түрлерінен «Алтын тұғыр - 2023» марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Amanat» партиясының қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған іс-шара осымен оныншы рет өткізілді.
«Асық ату» аталымында сыйлықты Қазақстан және Еуропа Кубогінің иегері, Ұлттық спорт түрлері фестивалінің жеңімпазы Павлодар облысының құрама командасы алды.
Қайырбаев атындағы спорттың ұлттық түрлері бойынша спорт клубының жаттықтырушысы Қалибек Қуанұлы асық атудан «Қазақстан Республикасының үздік жаттықтырушысы» атанып, 2023 жылғы «Алтын тұғыр» марапатының иегері атанды.
Сонымен қатар, мұндай марапатты асық ату бойынша спортшылар Қаппас Бижанов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Қанат Әшірбек алды.
Бұдан бөлек, Жанат Каймулдин «Тоғызқұмалақтан үздік спортшы», Арыстан Капаев «Үздік жаттықтырушы» атанды.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда облысымыздың құрамасында 200-ден астам асықшы бар, солардың ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапына 30-жуық спортшы кіреді. Екібастұз қаласы, Баянауыл, Тереңкөл ауданы, Ақсу қаласы, Кенжекөл ауылында асық спорты қарқынды дамыған. Бұл аймақтарда Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына кіретін спортшылар бар.