Павлодарлық спортшылардың саны Барбадос тұрғындарымен тең
Өңірде спорттың жүзге жуық түрі дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.
Облыстың 287 629 тұрғыны дене шынықтыру және спортпен айналысады. 2019 жылғы санақ бойынша Кариб теңізіндегі Барбадос аралында осыншама адам тұрады.
– Павлодар облысында 2024-2025 жылдарға арналған спорттың 98 түрі, оның ішінде 24 олимпиадалық, 37 олимпиадалық емес, 10 ұлттық, алты қысқы спорт түрлері, үш паралимпиадалық емес, он паралимпиада және сегіз сурдоолимпиадалық спорт түрлері рейтингтен өтіп, табысты дамып келеді. Қазақстан құрамасының құрамында Павлодар облысынан 670 спортшы бар, – дейді Нұрлан Есембаев.
Өткен жылы спорт инфрақұрылымын дамытуға және спорт нысандарын жаңғыртуға бюджеттен 5,3 млрд теңге жұмсалды. 2023 жылы 186 спорт нысаны ашылды. Облыста спорттық материалдық-техникалық базаны нығайту үшін тоғыз спорт нысаны жөнделсе, бесеуі толықтай күрделі жөндеуден өтті.
Айта кету керек, облыста 641 жаттықтырушы жұмыс істейді. Оның 445 штатта. 11 тәлімгер – жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.