Павлодарлық студенттер «Astana Sounds» байқауында топ жарды

Павлодарлық студенттер «Astana Sounds» байқауында топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Астана қаласында өткен II халықаралық жасөспірімдер байқауында музыкалық колледждің жеті студенті жүлдегер атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шығармашылық додаға вокалистер, аспапшылар мен бейнелеу өнерінің жас шеберлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Халықаралық байқаудың мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ музыкалық және көркемөнер мәдениетін насихаттау.

Байқауда Павлодар қаласының намысын музыкалық колледждің жеті студенті қорғады. Нәтижесінде олардың барлығы жүлдегер атанды. Мәселен, Дария Омарова өз санатында талайды таңдай қақтырып, бірінші орын иеленсе, Толғанай Рахмет пен Гүлдана Серікова екінші орынға лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынға Малика Нигматуллина, Анель Садвакасова және Амира Исатай тұрақтады. Ал Ақжарқын Абдықаримова байқау дипломанты атанды.

Жас өнерпаздардың байқауға дайындығына ұстаздары – М.Қазмағамбетова, М.Қайырбеков және А.Төлеген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық байқаулар жас орындаушыларға тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Павлодарлық студенттердің бұл жетістігі өңірдегі музыкалық білім беру мен орындаушылық өнердің дамуын көрсетеді.