Павлодарлық студенттерге есірткі таратқаны үшін сотталған жігіт үндеу жасады
Монтаждау колледжінде тәртіп сақшылары мен түзеу мекемесі өкілдерінің қатысуымен арнайы семинар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен №45 түзеу мекемесі бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру. Әсіресе, интернет арқылы «закладка» қою тәсілімен жеңіл табыс табудың арты үлкен қасіретке әкелетініне баса назар аударылды.
Жиынның ең әсерлі сәті есірткі таратқаны үшін қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқан сотталушымен тікелей эфир арқылы байланысу болды. Ол студенттерге өз қателігі туралы айтып беріп, тез ақша табуға деген құштарлық оны темір торға қалай тоғытқанын баяндады.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиеваның айтуынша, бүгінде қылмыстық топтар жастарды арбау үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Ол өз сөзінде оңай олжаның соңы нақты бас бостандығынан айыру жазасына соқтыратынын ескертіп, полицияның негізгі міндеті жастарға шындықты жеткізіп, қателіктердің алдын алу екенін жеткізді.