Павлодарлық суретші адамды көрмей-ақ қылқаламына қондырды

Ол зейнет жасына келсе де, сурет салуын тоқтатқан емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар өңірінің белгілі суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жасыбай Қабылдинов – ұлттық өнерге адал қызмет етіп келе жатқан қылқалам шебері.
67 жастағы Жасыбай Қабылдинов Павлодар ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен суретке ерекше қызығушылық танытқан. Оның сурет салуға деген бейімділігі әжесінің қолөнерінен бастау алады. Әжесі сырмақ, тұскиіз, текемет сынды ұлттық бұйымдарды тоқыған ісмер, ал әкесі табиғатқа жақын адам болған. Осындай тәрбиенің арқасында ол түстің үйлесімін, ұлттық өрнектің сұлулығын бойына сіңіріп өсті.
– 1984 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін аяқтадым. Еңбек жолымды Павлодар химия зауытында графикалық дизайнер болып бастадым. Кейін Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында қоюшы суретші қызметін атқардым. Одан кейін Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретші-жаңғыртушы болып қызмет еттім, – деді Жасыбай Қабылдинов.
Жасыбай Қабылдиновтың айтуынша, оның қолтаңбасы өңірдегі көптеген мәдени нысандардан байқалады. Аттап айтқанда: Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледждің акт залында, Ыбырай Алтынсарин атындағы №3 гимназия-интернатында, бірнеше балабақшаның интерьерлерінде, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы музейінде, Исабек ишан мешітінде дизайн жасады.
– Суретші көбіне майлы бояумен жұмыс істейді. Қызық оқиғалардың бірі – алдына қария келіп, Иса Байзақовтың ұстазы Құдайберген Әлсейітовтің түрін сипаттап, көрмей салғаны. Туындылары қазақ халқының тарихына, батырлар бейнесіне, ұлттық музыкалық аспаптарға, тұрмыс-салтқа арналады. Оның шығармалары облыстық және республикалық көрмелерге қойылып, Қазақстан Республикасының Ұлттық музей, Қастеев музейінің қорына енді, – дейді ол.
Жасыбай Қабылдинов үшін шабыт – қазақтың рухани мұрасы, ұлттық әуендер мен табиғаттың әсемдігі.
– Сурет салу – біздің өміріміздің тынысы. Картиналарымыз біздің орнымызға сөйлейді. Зейнет жасына шықсам да, сурет артымнан қалған емес. Бұрындары сурет салуға қай уақытта отырғаным есімде болмайтын, ал қазіргі кезде бос уақытымда ғана немесе шабыт оянғанда ғана сурет салуға барамын, – дейді Жасыбай Қабылдинов.
Жасыбай Қабылдинов – туған жерінің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Оның еңбектері – қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін асыл қазына. Қарттар күні қарсаңында осындай ардақты тұлғалардың еңбегін ұлықтау – ұрпақ парызы.