Павлодарлық тұрғын: Өзгерісті қаласаң, сайлауға келіп дауыс беру керек
Шаһар тұрғыны Жангелді Садықов өз елінің болашағына алаңдаған адам сайлауда дауыс беруі тиіс деп санайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жангелді Садықов 35 жаста. Осы уақытқа дейінгі барлық сайлауға қатысып келеді.
– Сайлауға қатысу маңызды. Өйткені бұл жерде елдің, балаларымыздың болашағы шешіледі. Үлкен жауапкершіліктегі дүние. Халықтың ойы маңызды. Өз елінің болашағына алаңдау, соған қатысты дауыс беру Қазақстанның әр азаматының парызы деп ойлаймын. Өзгерісті қаласаң келіп, дауыс беріп, таңдау жасау керек, – дейді Жангелді Садықов.
Қала тұрғыны өзі дауыс беретін №54 сайлау учаскесіне қос ұлымен бірге келген.
– Барлығын дауыс беруге шақырамын. Бүгін бала-шағаммен келіп, таңдау жасадым. Өйткені бұл балаларыма да үлгі-өнеге. Ертең олар елдің, ұлттың болашағына бей-жай қарамауы тиіс, – деді Жангелді Садықов.
Еске салайық, аталған Павлодар қаласындағы Академик Сәтбаев көшесі, 156 мекенжайында орналасқан №54 сайлау учаскесіне сайлау комиссиясының мүшелері ұлттық киіммен келді.