Павлодарлық тұрғын есірткіге қарсы республикалық байқауда жеңіске жетті

Павлодарлық тұрғын есірткіге қарсы республикалық байқауда жеңіске жетті
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Ол жасанды интеллект көмегімен бейнеролик әзірлеп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің қолдауымен ұйымдастырған республикалық байқаудың жеңімпазы марапатталды.

Байқауда Павлодар тұрғыны Жомарт Ибраевтың жасанды интеллект арқылы әзірлеген бейнеролигі үздік деп танылды. Қатысушылар есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау тақырыбында шығармашылық жұмыстар ұсынған.

Жомарт Ибраев – бес баланың әкесі, «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкері. Оның жұмысы мазмұнының тереңдігімен, идеясының айқындығымен және сапалы орындалуымен ерекшеленген.

Жеңімпазды марапаттау рәсімі облыстық полиция департаментінде өтті. Кездесуге департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Алмаз Төкенов қатысты.

– Заң мен тәртіпті сақтау – қауіпсіз қоғамның іргетасы. Бұл қағида құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ғана емес, әрбір азаматты біріктіруі тиіс. Байқауға қатысушылар осы идеяны жарқын әрі нанымды жеткізе білді. Біз олардың жетістігімен мақтанамыз, – деді Алмаз Төкенов.

Жеңімпазға жасанды интеллект көмегімен фото және бейнеконтент әзірлеуді үйрететін оқу курсына сертификат пен Samsung Galaxy Tab A11 планшеті табысталды.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай байқаулар жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, нашақорлықтың алдын алуға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.