Павлодар облысында алкоголь өнімін заңсыз сатудың 40-қа жуық фактісі тіркелді
Екібастұз өңірінің аумағында «Аумақ» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс-шараның мақсаты – азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алудағы жұмыстың тиімділігін арттыру.
Осылайша, қала прокуратурасының үйлестіруімен қоғамдық ұйымдармен және еріктілермен бірге дүкендер, сауда үйлері бойынша алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнаманы сақтау тұрғысынан 11 бірлескен рейдтік іс-шара өткізілген.
Алкогольді сататын 100-ге жуық нүкте қамтылған. Онда сатушылармен және жеке кәсіпкерлермен алкоголь және құрамында алкоголь бар өнімдер айналымы саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды болдырмау бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
– Алкогольді сату тақырыбы өте өзекті екені жасырын емес. Бұл тыйым салынған уақытта алкогольді сатып алатын ересектерге ғана емес, кәмелетке толмағандарға да қатысты. Өйткені, көптеген кәсіпкерлер пайда табу мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольге тыйым салынғанын ұмытып кетеді. Жастардың маскүнемдікке қарсы күресі тек мемлекеттік емес, сонымен қатар қоғамдық және отбасылық міндет болуы керек, – дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Талғат Шанкотов.
2024 жылдың басынан бастап өңір аумағында алкоголь өнімін өткізу жөніндегі ҚР заңнамасының талаптарын бұзу бойынша 37 факті тіркелген. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілген.
Айта кетерлігі, кәсіпкерлер айыппұлмен шектелмей, алкоголь өнімдерін сатуға лицензияларынан айырылған.