Павлодарлық тұрғындарға қайтарымсыз гранттар берудің жаңа легі басталады

Барлығы 40 грант бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда облыс бойынша мыңнан астам ауыл тұрғыны бағдарламаға қатысып, 322 бизнес идея іске асты. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жалпы 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 1 572 800 миллион теңге мөлшерінде 405 қайтарымсыз грант беріледі.
– Бүгінгі күнге дейін осы жоспардың 69 пайызы орындалып, жүз шақты азамат өз ісін бастап үлгерді. Бұл жоба әсіресе әлеуметтік осал топтардан шыққан азаматтарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Биыл үнемделген қаражат есебінен қосымша 40 грант беру туралы шешім қабылданды. Қосымша гранттар осы жылдың 20 қазаны мен 3 қараша аралығында үлестірілмек, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова.
Грант иегерлерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Олардың жұмысын аудан әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары қадағалайды. Бұл гранттар Екібастұз қаласы, сондай-ақ Ертіс, Железин, Успен, Аққулы және Тереңкөл аудандарының тұрғындарына беріледі.
Өтініштер enbek.kz электрондық порталы арқылы қабылданады.
Гранттар негізгі бес сала бойынша бөлінеді. Атап айтқанда: мал, құс, өсімдік шаруашылықтарды, құрал-жабдықтарды сатып алуға, өндірістік үй-жайларды жалдауға және жөндеуге.
– Биыл қайтарымсыз грант берілген кәсіпкерлердің бірі қаржыландыру арқасында аяқ киім тігу ісін бастады. Қазіргі уақытта өнімдерін қаладағы «Караван» сауда үйінде сатуда. Бұл жоба арқылы ол өз ісін жолға қойып, тұрақты табыс көзіне айналдырған, – деді басқарма басшысы.
Самал Қадырованың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлінетін гранттар аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедек балалары бар ата-аналарға, қандастар мен көші-қон арқылы келген азаматтарға, қоныс аударушылар мен ауылдық жерге оралған тұрғындарға беріледі.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 14 554 адам «еnbek.kz» электрондық порталында тіркелген. Олардың басым бөлігі осы жоба арқылы өз кәсібін ашты.
Әр жоба бойынша ашылатын жұмыс орындарының саны кәсіпкерлік бағытқа байланысты болады. Мысалы, мал шаруашылығы саласында үш жұмыс орны, ал үй-жай жалдау немесе қызмет көрсету саласында екі жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты грант көлемі де артып отырады. Бұл өз кезегінде ауылдық кәсіпкерлікті қолдау мүмкіндіктерін кеңейтіп, бизнес бастауға ынталы азаматтар санының артуына ықпал етеді.