Павлодарлық таэквондошылар Еуропа чемпионатының тұғырына көтерілді
Жас спортшылар бірінші және екінші орындарды жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Кипрдің Герне қаласында толық контактілі таэквондодан GTF Еуропа чемпионаты өтті. Палуандар паттер-хёнги және спарринг-масоги дисциплиналар бойынша сынға түсті.
Қазақстанның намысын 20 спортшы қорғады, оның бесеуі – Павлодардан. «KAHARMAN» таэквондо клубының жас шәкірттері жеті алтын мен үш күміс медаль әкелді.
Паттер-хёнги үлгісі бойынша бірінші орынды Томирис Тнеева, Батырхан Қозжанов және жаттықтырушы Артём Граблёв жеңіп алды. Линара Құрманова мен Шәкім Абдуррахман екінші орынды иеленді.
Спарринг-массоги дисциплинасында Шәкім Абдуррахман екінші орын алса, қалғандары алтын алқалардың иелері атанды.
Чемпионатта жиырмадан астам елдің спортшылары бақ сынады. Турнирге барлығы 700-ден астам қатысушы жиналды.
Фото: «KAHARMAN» таэквондо клубы
Әсия Серікова