Астанада Көшпенділер ойындарының жабылу рәсімі көрерменсіз өтеді
Жабылу салтанатына билеттер сатылып жатқан жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының мәліметінше, ойындар 13 қыркүйек күні аяқталады. Осы жылдың көктемінде бюджеттің қысқаруына байланысты, жабылу рәсімі хаттамалық форматта және көрерменсіз өтеді. Шараны қазақстандық жетекші телеарналардың тікелей эфирінен тамашалауға болады.
Ойындардың жабылу салтанатына билет сату туралы ақпарат тарағанын ұйымдастырушылар назарға алып отыр.
– Осы орайда, жабылу рәсіміне билет сатылып жатпағанын ресми түрде хабарлаймыз. Кез келген жалған ақпарат алаяқтық болып саналады. Азаматтарды абай болуға шақырамыз. Өтініш, күмәнді ұсыныстарға алданып қалмаңыздар. Ойындардың жабылу рәсіміне тек спортшылар қатысады. Ал көрермен жинау мүлде көзделмеген, – дейді ұйымдастырушылар.
Еске сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қатысушылар 21 спорт түрінен сынға түсуде. Этноауылда апта бойы күнделікті 100-ге жуық мәдени шара өтуде. Ал бүгін Ұлттық музейде ғылыми бағдарлама аясында «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараға 12 елдің жетекші мамандары қатысты.