Павлодарлық университетке білім алуға Тәжікстан студенттері келді
Марғұлан университеті шетелдік жоғары оқу орындармен әрдайым тығыз байланыста. Жақында С.Айни атындағы Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университетінің бес студенті білімдерін жетілдіру мақсатында Марғұлан университетіне келді.
Павлодарлық оқытушылар мен студенттер тәжік елінен келген білім алушыларды қазақтың салт-дәстүріне сәйкес – домбырамен ән салып, ұлттық тағамымыз бауырсақпен қарсы алды. Тәжікстандық жастар «Шет тілі: екі шет тілі» және «Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламалары бойынша оқиды.
Сондай-ақ, шетелдік студенттер жатақханада орналасып, оқу үдерісіне тез араласты және оқытушылар университет ғимараттарына экскурсия өткізді.
Аталмыш университет шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Негізгі мақсаты – академиялық тәжірибе алмасу және ағылшын тілін меңгеру деңгейін жаңа сатыға көтеру. Студенттер бакалавриат бойынша бірінші және үшінші курста білім алады. Шетелдік білім алушыларға Марғұлан университетінің тәжірибелі оқытушылары жаңа әдістеме, жаңа бағдарлама бойынша білім беретін болады. Ал «Көркем еңбек, графика және жобалау» мамандығы бойынша келген студенттер университеттің шеберханаларында тәжірибе жөнінде өздерінің шеберліктерін шыңдайды.
Айта кету керек, Марғұлан университетінің студенттері – әртүрлі халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларының белсенді қатысушылары. Мәселен, жыл басынан бері он сегіз студент басқа үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Оның ішінде сегіз студент ішкі бағдарлама бойынша оқиды.
Олар Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ә.Қ.Құсайынов атындағы Еуразиялық гуманитарлық институты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Семей қаласындағы Шәкәрім университеті сынды жоғары оқу орындарына жолдама алды. Ал он студент Өзбекстан, Түркия, Мажарстан сынды елдердің үздік оқу орындарына жіберілген.