Павлодарлық университетте студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды
Жаңадан салынған холлдың аумағы – 500 шаршы метр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің бас оқу ғимаратында жаңадан салынған студенттерге қызмет көрсету орталығы мен кіре беріс фойесінің ашылу салтанаты болды.
Шараға Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев, университет басқармасының және ақылдастар алқасының мүшелері қатысты.
– Құрметті ұстаздар студенттер және ардагерлер. Бүгін біз тағы бір тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Білім ордасының бас оқу ғимаратында аумағы 500 шаршы метр болатын жаңадан салынған холл салтанатты түрде ашылуда. Осы бір тарихи оқиғаның 19 наурыз – жаңару күнімен қатар келуі жақсылықтың белгісі деп санаймын, – деді Жанбол Жилбаев. – Заман талабына сай салынған бұл ғимаратта бірқатар қызмет көрсетіледі. Көпфункционалды кең әрі жарық фойеде коворкинг және студенттерге қызмет көрсету орталығы орналасқан. Біздің университетте жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сіздер де еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін.
Сондай-ақ, басқарма төрағасы жаңа фойеде студенттер үшін түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың қызықты әрі көңілді демалыс орнына айналатынына сенім білдірді.
– Мен бұл университетте 57 жыл қызмет еттім, сондықтан оқу орданың әр кезеңі көз алдымда. Біз ардагерлер жастардың осындай қолайлы жағдайда білім алып, жұмыс істеуіне қуаныштымыз. Ең бастысы, жыл сайын жаңарып, өзгеріп келеді. Жалпы, Марғұлан университеті – студенттер үшін аса маңызды нысандарымен мақтана алатын санаулы университеттердің бірі. Атап айтсақ, бізде оқу ғимараттарымен қатар, спорт кешені, жүзу бассейні және тағы басқа орындар бар, – деді ақылдастар алқасының мүшесі, профессор Виктор Кольев.
Жаңа ғимаратты ашу лентасын қию рәсімін университет ардагерлері, ақылдастар алқасының мүшелері Бақтияр Найманов, Сейфитден Сүтжанов, Виктор Кольев орындап, студенттерге жасалған ерекше мүмкіндік үшін басшылық құрамға алғыс айтты.