Павлодарлық волейболшылар ел чемпионатында жеңіске жетті
Өңір спортшылары Атырауда чемпион атанып, Түркістандағы жарыста жүлделі орын иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің волейболшылары ел біріншіліктерінде жоғары нәтиже көрсетті.
– Атырау қаласында өткен 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы көктемгі чемпионатта павлодарлық команда финалда алаң иелерін 3:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Жарыс қорытындысы бойынша Әміржан Қайыржанов турнирдің ең құнды ойыншысы деп танылса, Алдияр Букаев үздік тосқауыл қоюшы атанды, – деді мектептің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ команданың бес тәрбиеленушісі Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына шақырту алып, 2026 жылдың шілде айында Бахрейнде өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында өткен 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында павлодарлықтар жүлделі үшінші орынды иеленді. Аталған турнирге еліміздің 13 үздік командасы қатысты.
– Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтөбе облысы, екінші орынды Маңғыстау облысы иеленсе, Павлодар облысының №2 ОРМБЖМ командасы үздік үштікті түйіндеді, – делінген хабарламада.
Жетістіктерге қол жеткізген спортшыларды жаттықтырушылар Даулет Қалиев, Олжас Кумаров, Асхат Идрисов және Павел Мельников дайындаған.